Бүгін Астанада «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы Нұржан Мұхамеджанова кәсіпқой бокстан WBA Fedelatin және WBA FideCaribe нұсқалары бойынша Әлем чемпионы, жұлдызы жарқыраған қазақ спортшысы Қанат Исламмен кездесті.
Оған сонымен қатар, «Kazsport» телеарнасының директоры Павел Цыбулин қатысты.
Қанат Ислам жақында АҚШ-тың Лейкленд қаласында колумбиялық былғары қолғап шебері Хуан Де Анхельмен кездесіп, Қазақ еліне кезекті жеңісін сыйлаған еді. Өзінің 21-ші кездесуінен кейін боксшы туған еліне ат басын бұрды.
Жекпе-жекті тікелей эфирде ұсынған «Қазақстан» РТРК» АҚ-ның басшылығы спортшыны арнайы шақырып, құттықтады. Кездесу барысында Қанат Ислам алдағы жоспарларымен бөлісіп, Қазақ халқын әлі талай жеңістерімен қуантатынын айтты. Сондай-ақ, тікелей көрсетілімнің қоғамда, жанкүйерлері арасында жағымды пікір туғызғанын атап өтіп, қолдау көрсеткені үшін корпорация ұжымына алғыс білдірді.
Жиын соңында Басқарма төрайымы Қанатқа спорттық мансабында толағай табыстар тілеп, «Қазақстан» РТРК» АҚ тапсырысымен Жамбыл Жабаевтың 170 жылдығына орай түсірілген фильмнің дискісін табыс етті.
Қытайда туып, атамекенін аңсап келген қандасымыз бүгінде АҚШ-та дайындық жұмыстарын өткізуде.
«Қазақстан» Ұлттық телеарнасы мен «Kazsport» арнасы ел абыройын асқақтатып жүрген спортшының алдағы кездесулерін де тікелей эфирде көрсететін болады.