Қазақстанның автобизнес қауымдастығы отандық автокөліктерді сатып алуда жеңілдетілген автонесие бағдарламасын дамытуға қатысты жаңа ұсыныс жасады. Ұсыныс бойынша кредитке көлік алғалы отырған клиент ескі көлігін тапсыру арқылы өтамақы сертификатын алып, бастапқы жарнаны жаба алады. Бұл туралы «Allur Auto» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев Facebook-тағы парақшасында жазды, деп хабарлайды 7kun.kz.
«Сертификат шілде айынан бастап өз күшіне енетінін хабарлағым келеді. Ол тек қазақстандық автокөліктерге ғана емес, импорттық көліктерге де қатысты болады. Ескі көліктерді тапсыру арқылы берілетін өтемақының болжалды сомасы – 300 000 – 350 000 теңге», – деді Лаврентьев.
Ескірген көліктерді қабылдау, оны одан әрі кәдеге жарату және сертификаттарды берумен «Оператор РОП» ЖШС айналысады.
«Алаяқтыққа жол берілмес үшін барлық сертификаттар бойынша база құрылады. Сондықтан әрбір сертификаттың идентификациялық нөмірі болады», – деді ол.