Шымкентте Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадионда мүгедек жандар арасында жеңіл атлетикадан ел біріншілігі басталды.
Үш күнге созылатын чемпионатта республикамыздың 14 облысы мен Алматы, Астана қалаларынан келген спортшылар бақ сынамақ. Біріншілікке, негізінен, көру қабілетінен айрылған зағип жандар мен тірек қимылы замқымдалған 100-ден астам спортшы қатысып жатыр. Спортшылар жеңіл атлетиканың барлық түрінен сынға түседі. Мәселен, 100-200-400-800 метр секілді түрлі қашықтықтарда жарысады. Сосын секіру, ядро, найза және дискі лақтыру деген секілді спорт түрлерінен жарыстар өтеді, дейді ОҚО Мүгедектерге арналған мамандандырылған спорт мектебінің директоры Мұззравша-Жахангер Абылаев.
«Қол арба жарысынан 100 метрлік қашықтықта үздік болдым. Ертең енді 200 метрде бағымды сынап көрмекпін. Сосын тағы 400 метрде жүлде алсам деген үмітім бар. Қарсыластарым мықты. Әсіресе Алматы облысы мен Қарағандыдан келген спортшылар маған жақсы бәсекелес болып жатыр»,- деді ОҚО атынан ел чемпионатына қатысып жатқан жеңіл атлетші Ермек Қалымбетов.
Жеңімпаздар 22 мамыр күні марапатталады. Оңтүстікқазақстандықтар жалпы командалық есепте 1-орыннан көрінуді көздеп отыр. Өйткені, біріншілікке оңтүстік өңірдің атынан 23 спортшы қатысуда.