«Астана Опера» театрында балалар күніне орай жас жеткіншек әртістер өнер көрсетеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Астана Опера» театрында балалар күніне орай жас жеткіншек әртістер өнер көрсетеді

21.05.2016
«Астана Опера» театрында балалар күніне орай жас жеткіншек әртістер өнер көрсетеді

«Музыка әлеміндегі таңғажайып хикаялар» атты концерт «Астана Опера» театрының Камералық залында өтетін балаларға арналған жазғы іс-шаралар легін бастайды, деп хабарлайды театрдың баспасөз қызметі.

1 маусым - Халықаралық балаларды қорғау күнін атап өтуге мерекенің басты кейіпкерлері - театрдың балалар хоры мен балет студиясының жас әртістері шақырады.

«АстанаОпера» театрының режиссері әрі концерт идеясының авторы Наталья Кагадий барлық номерлер бір драматургия бойымен тізілетінін атап өтті.

- Концертке қатысушылар - театрдың Үлкен залында түрлі амплуада ойнап жүрген балалар студиясының әртістері, бұл жолы кәдімгі балалардың рөлінде шығады. Олардың оқулары аяқталды, енді, міне, көптен күткен демалыстары басталды. Сабақтар мен шектеулерден босаған балалардың көңілі  шаттыққа толы. Оларды достықтың қадірін біліп, мейірімділік пен әлемдегі бар жақсылықты тануды  үйрететін сынақтар күтіп тұр. Бұл тұста оларға музыка көмектеседі, - деп тәмамдады режиссер.

Әр номер өзінше бір хикая - жас әртістер мультфильм, ертегі әлеміне, тіпті В.Моцарттың «Сиқырлы флейта» операсына да тап болады. Концертке балалар студиясы толық қатысады, ондағы хор мен балетте 105 қатысушы бар.

- Біз балаларға жазғы демалыста небір таңғажайып хикаяларды бастан кешуді, сондай-ақ күн сәулесінен мол қуат алып, оқу жылына жаңа күш жинауды және мақсаттарына жетуді тілейміз, - деп тіледі балалар студиясының хормейстері Алтынғаным Ахметова.

Хабарламаларға жазылу