Қазақстан Президенті G-20 саммитіне қатысады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан Президенті G-20 саммитіне қатысады

20.05.2016
Қазақстан Президенті G-20 саммитіне қатысады

Қазақстан мен Сенегал ұстанымдарының жақындығы көпжақты құрылымдар аясындағы ынтымақтастыққа мүмкіндік береді.

Бұл туралы бүгін Ақордада Сенегал Президенті Маки Саллмен кездесуінен кейін бірлескен мәлімдеме жасаған ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтты.

«Бұл - Сенегал Президентінің біздің елімізге тұңғыш сапары. Сондықтан кездесуіміз болашақ қарым-қатынасымыздың басы  болып саналады. Африка құрлығымен жақындастыра түсетін бұл сапардың біздің елге ғана емес  бүкіл өңір үшін мән-мағынасы бар. Қазақстан мен Сенегал кең ауқымды мәселелер бойынша өзара тиімді іс-қимыл жасай алады деп сенемін», - деді Елбасы.

Мемлекет басшысы Сенегал Президентімен кездесу барысында белсенді сұхбат жүргізілгенін, барлық саяси және экономикалық салалар жөнінде пікір алмасылғанын баса айтты.

«Ұстанымымыздың жақындығы бізге көп жақты құрылымдар аясында ынтымақтасуға мүмкіндік береді. Биылғы қыркүйекте біз,  Президент Саллмен бірге Қытайда өтетін үлкен жиырмалықтың кезекті саммитіне қатысатын боламыз. Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес  мүшелігіне Қазақстанның кандидатурасын бұл ел жақтап отыр. Ол үшін біз ризашылығымызды білдіреміз»,-  деді Н.Назарбаев.

Сонымен қатар ҚР Президенті екі ел арасында ауыл шаруашылығы, мұнай-газ, спорт салаларына қатысты келісімдерге қол қойылғанын атап өтті.

ҚазАқпарат

Хабарламаларға жазылу