ҚР Ақпарат және коммуникциялар министрі Дәурен Абаев Фейсбук әлеуметтік желісінде жұмысына байланысты жеке парақша ашқанын хабарлады.
«Қымбатты достар! Фейсбуктегі бұл парақшаны мен жұмысыма байланысты ашып отырмын.
Бүгінде фейсбук-қоғамдастық қазақстандықтардың азаматтық белсенділігінің айнасына айналды. Ең маңызды әрі өзекті мәселелер осы жерде талқыланады. Сондықтан, мен сіздермен ұдайы байланыста болу арқылы ғана қоғамның тыныс-тіршілігінен толық хабардар болатыныма сенімдімін.
Біздің министрлікке ақпарат кеңістігін, телекоммуникация нарығы мен мемлекеттік қызмет көрсету секторын дамыту жөнінде маңызды міндеттер жүктелді.
Біз үшін әрбір Қазақстан азаматының жүргізіліп жатқан реформалар мен қабылданатын заңдардың мәнін түсінгені, ең өзекті мәселелерге қатысты сауалдарына мемлекеттен сапалы жауап алғаны маңызды», - деп жазды Дәурен Абаев.
Сонымен қатар, министр өз жазбасында жұмысты ашықтық пен есептілік сияқты ең басты қағидаттарды негізге ала отырып жүргізетінін айтты.
«Ведомствомыз қазір ұйымдастыру мәселелерін шешіп жатыр. Таяу арада жоспарларымызды таныстырып, идеялар мен ұсыныстарды қарастыруға дайын боламыз.
Ынтымақтастығымыз жемісті болады деп сенемін!» - деп жазды ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі.