Есеп комитеті 2015 жылы тиімсіз игерілген қаражатты 459 млрд теңгеге бағалады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Есеп комитеті 2015 жылы тиімсіз игерілген қаражатты 459 млрд теңгеге бағалады

19.05.2016
Есеп комитеті 2015 жылы тиімсіз игерілген қаражатты 459 млрд теңгеге бағалады

Есеп комитеті 2015 жылы тиімсіз игерілген қаражатты 459 млрд теңгеге бағалады. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде 2015 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкімет есебіне Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің қорытындысы туралы баяндаған комитет мүшесі Жансейіт Сәрсенқұлов мәлім етті.

Есеп комитеті мүшесінің айтуынша, жалпы алғанда Үкімет 2015 жылғы республикалық бюджеттің түсімдері бойынша нақтыланған жоспарлы параметрлер мен шығыстар бойынша міндеттемелерді орындаған.

«2015 жылдың соңында жүргізілген нақтылаулар мен түзетулерге қарамастан, бюджеттің игерілмеген қаражаты 7,8 млрд теңгені құрап отыр. Сонымен қатар, былтырғы жыл соңына таман артық қарыз алынғандықтан 2014 жылмен салыстырғанда айтарлықтай асып, 264,4 млрд теңге сомасындағы бюджет қаражаты қалдық қалыптасты. Бұған қоса, 2015 жылға белгіленген 8,2 триллион теңге көлемінде Үкіметтік борыш лимиті 464,7 млрд теңгеге асып кеткен», - деді Ж. Сәрсенбаев.

Оның сөзіне қарағанда, Үкімет игерілмеген сомаларды есепке ала отырып, 2015 жылы тиімсіз пайдаланылған қаражатты 232, 2 млрд теңге шамасында көрсеткен.

«Алайда, біздің бағалауымызша бұл 227 млрд теңгеге артық және 2015 жылы тиімсіз игерілген қаражат 459 млрд теңге болып табылады», - дей келе Есеп комитетінің мүшесі айырманың қалай қалыптасқанын да түсіндірді. Оның айтуынша, тиімсіз пайдаланылған қаражат аясында Есеп комитеті мен Тексеру комиссиялары анықтаған 200 млрд теңгеге жуық қаржылық бұзушылықтар қосылған. Оған қоса тиімсіз қаражатқа квазимемлекеттік сектор субъектілерінің 76,5 млрд теңге сомасындағы қалдығы да қамтылып отыр. 

Хабарламаларға жазылу