Бас мүфти Түркияның Дін істері министрімен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бас мүфти Түркияның Дін істері министрімен кездесті

15.05.2016
Бас мүфти Түркияның Дін істері министрімен кездесті

Кездесуге наиб мүфти Серікбай қажы Ораз, Аппарат жетекшісі Ғылымбек Мәжиев және ҚМДБ Бөлім басшылары қатысты.

Ресми қабылдауда Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы Мехмет Гөрмезге және оның ұжымына Қазақстандағы діни саладағы игі бастамаларға көрсетіп жатқан қамқорлығы мен әріптестік қарым-қатынас барысындағы қолдаулары үшін алғыс білдірді.

«Расында, қазақ-түрік бір туған – бауырлас халық. Біздің тәуелсіздігімізді ең алғаш мойындаған Түркия екенін әрқашан мақтанышпен айтып жүреміз. Қазір біздің имамдарымыз, шәкірттеріміз Түркиядан білімдерін шыңдап, тәжірибе алмасады. Діни басқарма қызметкерлері де Сіздердің діни саладағы мол тәжірибелеріңізбен таныс. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса беретініне сенімдімін. Сізге және ұжымыңызға үлкен алғысымды білдіремін», – дейді Бас мүфти.

Түркия Дін істері министрі Мехмет Гөрмез: «Бұл біздің асыл міндетіміз, борышымыз. Біз қазақ бауырларымызды қолдауға әрқашан дайынбыз әрі мұны мәртебе санаймыз» – дейді.

Ресми қабылдауда «Хасеки» академиясына қазақстандық дін қызметкерлерінің жаңа легін жіберу, қажетті кітаптарды қазақ тіліне аудару ісін жалғастыру, интернет саласындағы жобаларды жүзеге асыру, бірлескен халықаралық конференция ұйымдастыру, т.б. мәселелелер талқыланып, екіжақты қолдау тапты.

Айта кетейік, осы жылы тұңғыш рет қазақстандық 13 дін қызметкері «Хасеки» академиясын бітіреді.

Кездесу соңында Мехмет Гөрмез Бас мүфтиді Түркияда өтетін І Еуразиялық ғұламалар форумына шақырды.

 

Хабарламаларға жазылу