Астанадағы №1 тәлімбақтың аумағы 349 гектар жерді алып жатыр. 1965 жылдан бері жұмыс істеп келеді.
Соңғы 30 жылда бақтың қайта жаңаруына атсалысқандардың бірі - «Астана көгалдандыру құрылысы» АҚ №1 тәлімбағының жетекшісі Геннадий Ли.
Алып ағаштар мен енді ғана бүршік атқан қарағайлардың санына дейін жатқа білетін ол «Елбасының негізгі тапсырмаларының бірі - қаланы толықтай жасыл желекке орау. Соған сай, соңғы кездері қарағай өсіруге көп көңіл бөлініп жатыр. Алдағы міндет - өзге де ағаш түрлерін көбейту», дейді.
Кәсіпорынның негізгі міндеті - бас қаланың жасыл желегін қалыптастыру және күтіміне жауап беру.
Қазір елордада осы питомниктегі көшеттерді егу жұмыстары жүріп жатыр. Қалаға тәлімбақтан жыл сайын 10 мың көшет жеткізіледі.
Бүгінде Астана бойынша 9 саябақ, 81 гүл бағы, екі желекжол, жалпы аумағы 445 гектар болатын 92 жасыл нысан бар.
Бас қаланы көгалдандыру жұмыстары туралы толығырақ Ұлттық арнаның «Таңшолпан» бағдарламасынан көріңіз.