ҚР Тұңғыш Президенті кітапханасы ғимараттарының авторы Н.Фостерге Мемлекеттік сыйлық берілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ҚР Тұңғыш Президенті кітапханасы ғимараттарының авторы Н.Фостерге Мемлекеттік сыйлық берілді

11.05.2016
ҚР Тұңғыш Президенті кітапханасы ғимараттарының авторы Н.Фостерге Мемлекеттік сыйлық берілді

Британдық сәулетші Н.Фостерге Лондонда ҚР Президентінің бейбітшілік және прогресс Мемлекеттік сыйлығы табыс етілді

Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшісі Ержан Қазыханов белгілі британдық сәулетші Норман Фостерге Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бейбітшілік және прогресс Мемлекеттік сыйлығын табыстады. Бұл туралы елшіліктің баспасөз қызметі хабарлады.

Сыйлықты табыстай отырып, Елші Е. Қазыханов бұл марапаттың Н. Фостердің Астана қаласының архитектуралық өнерінің дамуына қосқан ерекше үлесінің белгісі екендігін атап өтті. Оның сөзінше, британдық сәулетшінің жобасы бойынша тұрғызылған ғимараттар мен құрылыс нысандары Астанаға ерекше сән беріп, Елорданы әлемнің айтулы бас қалаларының біріне айналдырып отыр.

Кездесу барысында Елші сондай-ақ, Астананың жылдам қарқынмен дамып келе жатқандығына және Қазақстан елордасының аз уақыт ішінде 2010 жылы өткен ЕҚЫҰ саммиті мен 2011 жылғы VII қысқы Азия ойындары сияқты аса ірі халықаралық саяси және мәдени іс-шаралар өткен орынға айналғандығына да баса назар аударды.

Сонымен бірге, 2017 жылы Астанада «ЭКСПО» халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу және Еуразия аймағындағы аса ірі қаржы хабына айналуды көздеп отырған «Астана» халықаралық қаржы орталығының ашылуы да жоспарланып отырғандығы жөнінде айтылды.

Н. Фостер Елбасының Мемлекеттік сыйлығы үшін алғысын білдіріп, Қазақстанның жаңа елордасын тұрғызу сияқты үлкен жобаға қатысушылардың бірі болғанын мақтан тұтатындығын атап өтті. Оның ойынша, Астана әлемдегі жетекші орталықтардың бірі болуға зор мүмкіндігі бар. «Болашақ энергия» тақырыбында өтетін «ЭКСПО» көрмесі мемлекет үшін де, халықаралық қауымдастық үшін жаһандық маңызға ие.

Айтулы сыйақы рак ауруымен күресуді көздейтін Н. Фостер атындағы қайырымдылық қорына және осы бағытта медициналық зерттеу жүргізіп жатқан ұйымға аударылып, аурудың пайда болу себептерін зерттеуді қаржыландыруға және оны емдеудің алдыңғы қатарлы әдістерін ойлап табуға жұмсалатын болады.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Ұлт Көшбасшысы Н.Ә. Назарбаевтың бейбітшілік және прогресс Мемлекеттік сыйлығы Н. Фостерге оның сәулет өнерінің дамуына, халықтар арасындағы бейбітшілік пен достықты және өзара сенімділікті нығайтуға қосқан айрықша үлесі үшін беріліп отыр.

Норман Фостер - британдық сәулетші, Император және Притцкер сыйлықтарының иегері. Ол Астана қаласындағы «Бейбітшілік және келісім сарайы» (2006 ж.), «Хан-Шатыр» сауда-ойын сауық орталығы (2010 ж.) және ҚР Тұңғыш Президенті кітапханасы ғимараттарының авторы.

Хабарламаларға жазылу