Ақтөбелік шаруалар Елбасы шешіміне ризашылықтарын білдірді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбелік шаруалар Елбасы шешіміне ризашылықтарын білдірді

07.05.2016
Ақтөбелік шаруалар Елбасы шешіміне ризашылықтарын білдірді

 

Ақтөбелік шаруалар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жер кодексіне мораторий жариялау туралы шешіміне ризашылықтарын білдірді. Шаруалар өңірге келген Парламент Мәжілісінің депутаттарына өз ұсыныстары мен тілектерін жеткізді, деп хабарлайды Bnews.kz тілшісі.

Жер кодексін халыққа түсіндіру, заңдағы тетіктерді қайта қарап шығу аса маңызды шешім болды. Мәртөк ауданы, Кеңсахара ауылының маңында 17 жылдан бері мал бағып, фермаларға сүт жеткізуді кәсіп еткен «Рад Агро» ЖШС-нің директоры Мұрат Селеновтің айтуынша, 8 300 гектар жердің 3 мың гектары егін алқабы, өзгесі жайылым мен шабындық екен.

«Бізде 112 адам үлескер, солардың басын біріктіріп, жауапкершілігі шектеулі серіктестік құрған едік. Пай иелерінің бәрі серіктестікке құрылтайшы болды. Жыл сайын жерді толық игереміз. Жердің арқасында сол аумақтағы халық еңбек етіп отыр. Мемлекеттік бағдарламалар өте тиімді. Малға, оның өнімі сүтке субсидия беріліп тұрады. Мұның бәрі үлкен көмек», - дейді М.Селенов.

Оның айтуынша, Жер кодексіне мораторий жариялау өте ұтымды шешім болды. «Алдағы уақытта түсіндіру жұмыстарына уақыт беріліп, халық жерден үлкен табыс, мемлекеттен ауқымды көмек барын түсінеді», - деген сенімде шаруа.

Ал 40 жыл бойы кәсіпкерлікпен айналысып келе жатқан «Степной» ЖШС-нің директоры Аманғос Төлеуов өз ұсыныстарымен бөлісті. «Жер кодексін қайта қараған кезде кәсібін жаңа бастап жатқан шаруаларға аяғынан тұрғанша 5 жылға жеңілдік берілгені дұрыс, жерді 5 жылға жалға беру керек. Малы өсіп, төлін алғасын, сол кісіде қаражат болады. Жерді сол кезде сатып ала алады», - дейді ол.

Айта кетейік, ақтөбелік шаруалармен Парламент Мәжілісінің депутаттары кездесіп, олардың ұсыныс-тілектерін тыңдады.

 Bnews.kz

 

Хабарламаларға жазылу