Мемлекет басшысы «Шеврон» компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы және бас атқарушы директоры Джон Уотсонмен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы «Шеврон» компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы және бас атқарушы директоры Джон Уотсонмен кездесті

06.05.2016
Мемлекет басшысы «Шеврон» компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы және бас атқарушы директоры Джон Уотсонмен кездесті

Елбасы Қазақстан үшін «Шевронның»  маңызды серіктес екенін атап өтті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

«Біз етене жақын достармыз. Ынтымақтастығымыз өзара тиімді. Сіздің компанияны біз басқа мердігерлерге үлгі етеміз. Қазір күрделі кезеңді бастан өткеріп жатырмыз. Бұрын шикізат бағасы тым жоғары болғандықтан шалқып өмір сүрдік. Бүгінде баға әлдеқайда  көңілге қонымды. Сондықтан бізге жаңа бағамен және үлкен өндіріс көлемімен өмір сүріп үйрену керек», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті  «Шеврон»  компаниясының елімізде қызмет жасағалы бері бюджетке 113 миллиард доллар төлегеніне, сондай-ақ әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған бірқатар ауқымды жобаларды жүзеге асырып жатқанына назар аударды.

«Теңізшевройл» қызметкерлерінің  85%-ы – қазақстандықтар, барлық буын басшыларының  73%-ы – еліміздің азаматтары. Бұл басқа инвесторлар үшін жақсы өнеге», – деді Мемлекет басшысы.

Дж.Уотсон өз сөзінде елдегі қолайлы инвестициялық ахуалға қолдау көрсеткені және саланы дамытуға көңіл бөліп отырғаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтты. 

«Мен қоршаған ортаны қорғау және өндірістегі қауіпсіздік мәселелеріне Сіздің зор көңіл бөлетініңізді білемін. Біздің кәсіпорын осы көрсеткіштер бойынша әлемдегі үздіктердің бірі. Биыл біз Теңіз кенішінде күрделі жөндеу жүргіземіз, одан кейін күкірт қалдығы қоршаған ортаға таралмайтын болады», – деді «Шеврон» компаниясының басшысы.

Дж.Уотсон қазақстандық өнім үлесін ұлғайту компания қызметінің басымдығы бар бағыты болып қала беретінін, қазіргі кезде оның көлемі 20 миллиард доллар болып отырғанын айтты. 

Хабарламаларға жазылу