Елордадағы «Қазмедиа орталығында» Ұлттық арнаның «Сәлем, Қазақстан!» жобасы аясында әнші Әлішер Кәрімовтың концерті өтті.
Кеш шымылдығы әншінің орындауындағы «Мен сені ешкімге бермеймін» әнімен ашылды. Әлішер Кәрімов көп әндері өз өмірі туралы екенін айтты. Ол сахнада 5 жасынан бері өнер көрсетіп келеді.
Концертте халық арасында кең танылған «Махаббатсыз өмір-өмір болама?», «Асығады өмір қайда?», «Таба алмайсың», «Ла ла ла», «Мама», «Қазақтың тойы бітпесін», «Үмітіңді үзбе» сынды әндері орындалды.
Сонымен қатар, әншінің орындауындағы Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде» әні көрерменнің зор ықыласына ие болды. «Сәлем, Қазақстан!» жобасының «Папарацци» айдарында әншінің көпшілік біле бермейтін ерекше фотолары ұсынылды.
Жобада Әлішер Кәрімов қазақ тіліндегі әндермен қатар, орыс және өзбек тілдеріндегі әндерді шырқады. Кеш соңы «Бірлігіміз жарасқан, көз тимесін еліме» әнімен қорытындыланды. Айта кетейік, кешті белгілі актер, әнші Тәуекел Мүсілім және әнші Ерке Есмахан жүргізді.
Кешті алдағы уақытта «Қазақстан» Ұлттық телеарнасынан көре аласыздар.