Қазақстанда жерді тиімді пайдалануға қатысты бақылау күшейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда жерді тиімді пайдалануға қатысты бақылау күшейді

05.05.2016
Қазақстанда жерді тиімді пайдалануға қатысты бақылау күшейді

«Қазіргі уақытта Қазақстан жерді мақсатымен пайдалану үшін мемлекеттік бақылауды күшейтті. Өте жүйелі жұмыстар тындырылуда. Егіс танабын агрохимиялық зерттеу - мол өнімнің кепілі, сол себепті агрохимиялық зерттеулердің көлемі 1,5 млн. гектардан 3,5 млн. гектарға ұлғайтылды», - дейді Е.Базылжанов.

Оның атап өткеніндей, осы жұмыстармен бұрыннан айналасып келе жатқан, жоғары білімді мамандары бар, агрохимиялық қызмет қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.

Оның сөзіне қарағанда, суармалы егістік жерлерге агрохимиялық зерттеулер жүргізіп, топырақтағы ауылшаруашылық дақылдарының өсіп-жетілуіне ең қажетті элементтердің мөлшерін анықтап, әр танаптың паспортын жасау - жоғарғы өнім алу мүмкіндігін ұлғайтып, жер құнарлылығының кемуіне жол бермейді. Өндірілген өнімнің өнімділігін және сапасын көтеруде топырақтың құнарлығын арттырып, минералды тыңайтқыш берудің жүйелерін жетілдірудің маңызы зор. Бұл үшін әрбір шаруашылық ауыспалы егістіктегі дақылдардың кезектесу тәртібін сақтап, дақылдар егілетін танап топырағының механикалық, химиялық құрамын жете біліп, сол табиғи құнарлылықтың мөлшеріне қарай минералды тыңайтқыштарды берулері қажет. Сондықтан егіс егетін әрбір шаруашылық өздерінің егістік жерлеріне агрохимиялық зерттеулер жүргізіп, әр танаптың паспортын жасатулары қажет. Осындай зерттеу нәтижелерін басшылыққа алған ұжымдар жақсы көрсеткіштерге қол жеткізеді.

Маманның айтуынша, суармалы егістік алқаптарда зерттеу әрбір 5 жыл, ал суарылмайтын аумақтарда әрбір 7 жыл сайын жүргізілетін болады.

«Әлемдік тәжірибе бар. Гумус үдерісі өте ұзақ жүретін құбылыс. Сондықтан 5-7 жылда топырақ құрамында болатын гумустың көлемі қатты азайып кетпейді. Бұл мәселе кәсіби мамандарға белгілі. Егер қажеттілік болса, бізде одан да жиі тексеріс жасауға материалдық мүмкіндіктер жетеді. Жер Кодексінде де көрсетілген, егер жергілікті органдар қайсыбір жер аумағын жиірек тексеріс жасату керек деп шешсе, ол алқаптарда агрохимиялық тексерістер жиірек жасалып тұрады. Бұл шешілетін мәселе. Егер шаруалардың өздері жыл сайын жасап тұрамыз десе де, өз еріктері, біз тек келісеміз. Қазіргі уақытта елімізде тексеріс жасайтын 24 ұйым бар. Бірақ жер құнарын жиі тексеріп тұру, меніңше, бос шығын. 5-7 жыл сайын жүргізіп тұрса да жеткілікті», - деп атап өтті ол.

 

ҚазАқпарат

Хабарламаларға жазылу