Биыл «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасы ширек ғасырлық мерейтойын атап өтпек. 1991 жылдың 30 сәуірінде Қызылорда облыстық телеарнасы ашылды. Дәл осы күні 30 минуттық хабар эфирге шықты.
1 мамыр күні қаланың орталық алаңындағы мерекелік шеруден 45 минуттық тікелей репортаж көрерменге ұсынылды.
Техникалық қалыптасу кезеңінің қиындықтарына қарамастан телеарна журналистері үлкен ізденісте еңбекетті. «Жүздесу», «Көкейкесті», «Темірқазық» хабарлары арқылы көрермен көзайымына айналды. Сыр елін ұлттық өнердің қайнар көзі ретінде кеңінен насихаттады.
Телеарнаның хабар тарату ауқымы, материалдық базасы жыл сайын ұлғаюда. Хабар тарату ауқымы 10 жылдың көлемінде 5 сағатқа, 2004 жылдан бастап 14 сағатқа көбейді. 2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап телеарна хабарлары 1 сағат көлемінде «Кателко» спутниктік жүйесі арқылы тартыла бастады.
2009 жылдан бастап «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасы республикада алғашқылардың бірі болып облыс аумағына тәулігіне 14 сағат көлемінде хабар таратуға көшті.
2010 жылы телеарна хабарлары сандық телевизиялық таралымның ұлттық пакетіне енгізілді.