Еске сала кетейік, жақында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Асхат Қайзоллаұлы Дауылбаев басқа жұмысқа ауысуына байланысты Қазақстан Республикасының Бас прокуроры қызметінен босатылған болатын.
Конституцияға сәйкес, Парламенттің әр палатасы ҚР Конституциялық Кеңес мүшесін қызметке тағайындайды. Сонымен қатар, ҚР Конституциялық Кеңес мүшесі қызметіне кандидатты палата төрағасы ұсынады. Осыған байланысты Мәжіліс Төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов А. Дауылбаевтың кандидатурасын ұсынған болатын.
А. Дауылбаев құқық қорғау саласында, оның ішінде прокуратура органында көп жылдар бойы еңбек еткен білікті әрі тәжірибелі тұлға. Ол 1987 жылы Свердловск заң институтын үздік бітіргеннен соң еңбек жолын Алматы қаласының Октябрь ауданы прокуратурасында стажор, тергеуші, прокурордың көмекшісі қызметінен бастаған. 1990-1994 жылдары Алматы қаласының бірқатар аудандарында прокурордың орынбасары, Алматы қаласы төрелік сот төрағасының орынбасары секілді лауазымдарды атқарды.
1997 жыл ҚР Әділет вице-министрі болды. 2001 жылы ҚР Бас прокурорының орынбасары болып тағайындалып, ол қызметте 2011 жылдың сәуіріне дейін қызмет жасады. 2011-2016 жылдары ҚР Бас прокуроры қызметін атқарды.