«ЭКСПО кезіндегі мәдени шаралар Мәдениет және спорт министрлігімен қарастырылды. Біз сонымен қатар Миландағы ЭКСПО-ның ашылу және жабылу салтанатын, таяудағы Анталия көрмесінің ашылуын жіті зерделедік. Бұл шаралар барынша ықшам түрде, ресми бөлігіне баса мән беріле отырып даңғазасыз өткізілгеніне көз жеткіздік. Бұл бізге онша келмейтін шығар. Біз өзіміздің менталитетімізді ескере отырып жақсылап дайындап жатырмыз», -деді кеңес барысында баяндама жасаған «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының басшысы Ахметжан Есімов.
«Ашылуын және жабылуын өзіміздің күшімізбен өткіземіз бе?» деп сұрады Елбасы өз кезегінде Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлынан.
«Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Ахметжан Смағұлұлы айтқандай, біз қазір әкімдікпен бірлесіп, сценарийін қарастырып жатырмыз. Өте дұрыс айтады, барлығын өз күшімізбен өткізуіміз керек»,- деді министр.
Осы орайда ҚР Президенті көрме өтетін үш ай бойы, күнделікті түрде ЭКСПО көрмесін тамашалауға келетін туристерге мәдениетіміз бен өнерімізді, салт-дәстүрімізді көрсетуіміз қажеттігін баса айтты.
ҚазАқпарат
«Қазақстанның барлық өңіріндегі өнер адамдарына сондай алаңдар ашылады. Қуанышты жағдай ғой. Барлық облыстардан, өңірлерден өнер адамдары қатысатын болсын», -деп тапсырды Н.Назарбаев.