«Қазақстан» РТРК» АҚ алдағы келе жатқан Байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне орай, үздік тележүргізушілер арасында байқау жариялаған болатын.
Байқаудың мақсаты – еліміздің аймақтарында жұмыс істеп жатқан филиалдардағы қызметкерлердің еңбектерін елеп-ескеру.
Байқау екі кезеңнен тұрады
Бірінші кезең 20 сәуір мен 20 мамыр аралығында өтеді. Мұнда әр аймақтың шығармашылық топтары (жаңалықтар мен бағдарламалардың жүргізушілері) өз араларында жергілікті жерлерде байқау ұйымдастырады. Осы талаптар негізінде аймақтардағы байқаулардан озық шыққан үздіктер республикалық байқауда бақтарын сынауға мүмкіндік алады.
Екінші кезең 21 мамыр мен 26 маусым аралығында өтеді. Онда «Қазақстан» РТРК» АҚ-ның аймақтардағы өкілдіктерінің арасында Гран-при иегері анықталады. Сонымен қатар, осы сында байқаудың I, II, III орын иегерлері де белгілі болады.
Жеңімпаз, жүлдегерлер «Қазақстан» РТРК» АҚ басшылығының арнайы дайындаған дипломдарымен және бағалы сыйлықтарымен марапатталады.
Осы орайда «Қазақстан-Қарағанды» телеарнасы да «Арқа арнасының келбеті» деген атауға лайық тележүргізушіні анықтауда.
Байқауға қатысушылардың арасында Қарағанды спортшыларының жетістіктерін саралап, салмақтап ұсынатын «Арена» бағдарламасының авторы һәм жүргізушісі Ботабек Маратұлы көрерменнің көңілінен шығып, әзірге ең көп дауыс жинады. Көрермендер оған 712 дауыс берген.
Ал, «Жаңалықтар» бөлімінің аға редакторы Асылбек Жомартұлы 613 дауыспен екінші орында тұрса, үштікті осы бөлімнің редакторы Лейла Ескенқызы (515 дауыс) қорытындылап тұр. Дегенмен, дауыс беру әлі жалғасып жатыр.
Құрметті көрермен, аймақ журналистерінің қарым-қабілетіне баға беріп, дауыс беруге асығыңыздар!