Қазақстанда 5 жыл тұрып жатқан өнертанушы және музыкант Даниэль Джеймс Данлади-Бвай Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің «Тәуелсіздік. Келісім. Болашағы біртұтас ұлт» атты XXIV сессиясында қазақ тілінде ән шырқап берді.
«Менің әкем нигериялық, анам - орыс. Қазақстанда 5 жыл тұрып жатырмын. Мен Қазақстан азаматымын. Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясында оқимын», - деді Даниэль Бвай.
«Нигериялық бізде әлі болған емес, тамырыңды осында жай», - деп қалжыңдады Н.Назарбаев. «Бастап та кеттім», - деді Даниэль қазақ тілінде. - Қазақта «қара» деген қасиетті ұғым бар. Төбеде көк аспан, төменде қара жер болса, оның үстінде бейбітшілік пен татулықтың қара шаңырағы - Қазақстан! Қазақтар талай уақыт бойы Тәуелсіздікті аңсап келді, бірақ бұл арманға Сіз қол жеткіздіңіз, Президент мырза».
«Мен таңданамын, егер ол қазақшаға судай болса, қазақстандықтардың өздерінде қандай кедергі бар?», - деді Елбасы нигериялық «қара домалақтың» қазақшасына таңданып.
Даниэль Бвай Президентпен әңгімесінде бар өмірін өнерге арнайтындығын айтып қалды. «Домбырада ойнаймын, асаба да болам кейде. Ұлттық әндерді де білем, біреуін айтып берейін», - деп қолқа салды ол.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Алматыда тұратын Нигерия тумасының қазақ тілінде орындаған әні ұнады. Соңында, Мемлекет басшысы Даниэльге сәттілік тілеп, ақ батасын берді.