23 сәуір - Халық қаһарманы Қасым Қайсеновтің туған күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

23 сәуір - Халық қаһарманы Қасым Қайсеновтің туған күні

23.04.2016
 23 сәуір - Халық қаһарманы Қасым Қайсеновтің туған күні

Бүгін - Қазақстанның Халық қаһарманы, көрнекті жазушы, көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған халқымыздың даңқты перзенті Қасым Қайсеновтің туған күні.

Қасым Қайсенов 1918 жылы 23 сәуірде Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында дүниеге келген.

1934 жылы мектеп бітіргеннен кейін Өскемен қаласындағы саяси-ағарту техникумына түсіп, оны 1938 жылы тәмамдап шығады.

Павлодар облыстық оқу бөлімінің саяси-ағарту жөніндегі нұсқаушысы болып қызмет атқарып жүргенде әскер қатарына шақырылып, әскери-барлау мектебіне жіберіледі.

1941 жылы Оңтүстік-Батыс майданының штабына жөнелтіліп, сол жерден арнайы тапсырма алып, Украинаның басқыншылар қолында қалған жерінде партизан отрядын құру үшін жау тылына түсіріледі. Онда Қ.Қайсенов Чапаев атындағы партизан құрамасының үшінші отрядын басқарады. Одан кейінгі кездерде, 1944 жылдың соңына дейін Молдавия, Чехословакия, Румыния жеріндегі партизан қозғалыстарына қатысады.

Отряд командирі болып жүріп, жау тылында жүздеген жорықты басынан өткереді. Соғыс аяқталған соң Отанына оралып, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің президиумы аппаратында жауапты қызметте болады.

Жамбыл облысының Жуалы, Свердлов аудандарында Атқару комитеттері төрағаларының орынбасары ретінде соғыстан кейінгі ауыл шаруашылығын қалпына келтіру науқанына белсене араласады.

1951-1954 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті жанындағы екі жылдық партия мектебінің аудармашылар бөлімінде оқиды.

1953-1972 жылдар аралығында «Жазушы» баспасы директорының орынбасары, Қазақстан Жазушылар одағы көркем әдебиетті насихаттау бюросының директоры, «Қайнар» баспасының директоры қызметтерін атқарады.

Қасым Қайсенов - соғыстың қиын-қыстау кезеңі, жауынгерлердің жанқиярлық ерлігі шынайы суреттелген бірқатар шығармалардың авторы.

1954 жылы орыс тілінде «Жас партизандар» атты алғашқы кітабы жарық көрді. Одан кейінгі кездерде «Илько Витряк», «Переяслав партизандары», «Ажал аузынан», «Жау тылындағы бала», «Днепрде», «Жау тылында», «Партизан соқпақтары» және  тағы да басқа әңгіме, очерк, повесть жинақтары оқырман қолына тиді.

Бұл шығармалары орыс, украин, сондай-ақ, әлемнің басқа да бірқатар тілдеріне аударылған. Кейінгі жылдары «Елімнің ертеңіне сенемін», «Естеліктер мен жазбалар» атты кітаптары шықты. 

Естеріңізге сала кетейік, 2013 жылы «Қазақстан» РТРК» АҚ Ресей және Украина кинокомпанияларымен бірлесіп «Қасым» атты көркем фильм түсірді. Туындыдағы негізгі кейіпкерді белгілі актер Қуандық Қыстықбаев сәтті сомдап шықты.

Хабарламаларға жазылу