Түркі тілін дін тіліне, ғылым, білім тіліне, мемлекет тіліне айналдырған Қожа Ахмет Ясауи болды - Зікірия Жандарбек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркі тілін дін тіліне, ғылым, білім тіліне, мемлекет тіліне айналдырған Қожа Ахмет Ясауи болды - Зікірия Жандарбек

20.04.2016
Түркі тілін дін тіліне, ғылым, білім тіліне, мемлекет тіліне айналдырған Қожа Ахмет Ясауи болды - Зікірия Жандарбек

ЮНЕСКО 2016 жылды Қожа Ахмет Ясауи жылы деп жариялады. Кейбір деректерге қарағанда, соңынан өшпестей ілім қалдырған ұлы тұлғаның қайтыс болғанына дәл осы жылы 850 жыл болады. Осыдан мың жылдай уақыт бұрын өмір сүрген бабамыздың ұрпақтарына қалдырған ұлы мұрасы – оның жергілікті халықтың, яғни түркілердің қалыптасқан салт-дәстүріне, қоршаған орта ерекшеліктеріне негіздей отырып, мұсылманшылықтың жолын белгілеп беруі болды. Бұл жол ғасырлар бойы халқымыздың бойындағы асыл қасиеттердің таза сақталуына өлшеусіз қызмет етті, деп жазады Егемен Қазақстан.

«ЮНЕСКО Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың тарихтағы рөлін дұрыс бағалап отыр. Егер Қожа Ахмет Ясауи болмаса, түркі өркениеті осы күнге дейін өмір сүру-сүрмеуі екіталай еді. Ислам дінін VIII ғасырдың екінші жартысында қабылдаған түркілер, XII ғасыр қарсаңына келгенде толығымен арабтану-парсылану үдерісін басынан кешірген болатын. Осы үдерісті тоқтатып, қайтадан түркі мәдениетін жаңғыртқан, түркі тілін дін тіліне, ғылым, білім тіліне, мемлекет тіліне айналдырған Қожа Ахмет Ясауи болды. Бұл оның түркі тарихындағы рөлінің қаншалықты ауқымды болғандығын көрсетеді. Ол өзінің жолын қалыптастыруда Құран мен Пайғамбар сүннеті және Абу Ханифа мен Имам Матуриди еңбектеріне арқа сүйеді.

Ол исламдағы иман мәселесіне баса көңіл бөлді. Ол халыққа иманды қайтарып беру жолында қолынан келгеннің бәрін жасады. Сопылық ілімді меңгеру арқылы рух әлеміне есік ашты. Адамның рухы жеті қабаттан тұратынын және олардың дәрежелерін айқындап берді. Мұны қазіргі күні кванттық физика ғылымы толығымен дәлелдеп отыр. Қазіргі қазақтың салт-дәстүрінен берік орын алған кісі қайтқанда жетісін, қырқын, жүзін, жылын беру сияқты дәстүрлер осы рух қабаттарының қозғалысына байланысты екендігін сезіне бермейміз. Ол: «Шариғат – адам ағзасы үшін, тариқат – адамның рухы үшін қажет» деді. Ол ислам әлемінде Абу Ханифаның ислам дінінде бола тұрып, әр халықтың өзінің салт-дәстүрін ұстануы мүмкін деген ұстанымын толығымен іске асырды. Ол сопылық ілімді тариқат дәрежесіне көтерді.

Ол діндегі Құранға негізделген түркілердің жолын үш қайнар негізінде қайта қалыптастырды. Біріншісі, исламның бес парызы; екіншісі, рухани таным негізінде қалыптастырылған түркінің исламдық дәстүрлері; үшіншісі, түркінің көнеден келе жатқан салт-дәстүрі. Ол осы негізде түркінің дәстүрлі діни танымы негіздерін қалыптастырды. Осы Ясауи жолы шеңберінде ислам да түркілік те болды. Бұл шеңберден тыс ислам болғанымен түркі мәдениеті болған жоқ. Ол осылай түркі әлемінің Темірқазығына айналды. Ясауи жолы Алтын Орда сияқты ұлы мемлекеттің діни идеологиясының негізі болды. Бұл жолдан шегінген кезде Алтын Орда мемлекеті тарихтан кетті. Жалпы, Еуразия кеңістігіндегі түркі мемлекеттігінің күйреуі Ясауи жолынан шегінумен тікелей байланысты болды,-деп айтады Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық университеттің дінтану кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Зікірия Жандарбек.

Хабарламаларға жазылу