Өткен жылы елімізде 4,5 миллион адам денешынықтырумен және бұқаралық спортпен қамтылды. Бұл - ел тұрғындарының 26 пайызы.
Бүгін Мәжілістегі бұқаралық спортты және дене шынықтыруды дамыту тақырыбында өткен Үкімет сағатында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы осылай деді.
«Мемлекет басшысы Н.Назарбаев өзінің Жолдауында «Бұқаралық спорт кешенді қадамдарды талап етеді. Өйткені, тек дені сау ұлт қана бәсекеге қабілетті бола алады», деген еді.
Жүктелген міндеттер бойынша министрлік қабылдаған шаралар нәтижесінде 2015 жылы денешынықтырумен және спортпен қамтылғандар саны жалпы халықтың 26 пайызын немесе 4,5 миллионды адамды құрады.
Сонымен қатар, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталықтары 33 мыңнан астам бұқаралық спорттық шаралар мен акциялар өткізді. Оның ішінде 18 мыңнан астам шара ауылды жерлерде өткізілді», - деді А.Мұхамедиұлы.
Министр аталмыш құрылымның ең басты стратегиялық мақсаттарының бірі 2020 жылға қарай елімізде халықтың 30 пайызының дене шынықтыру және спортпен шұғылдануын қамтамасыз ету екенін атап өтті.