Шетелдік жұмысшылардың 60-70 пайызға жуығы негізінен құрылыс ұйымдарына тартылады. Сонымен қатар, негізінен, инженер, менеджер, оқытушы және басшылық қызметте жұмыс істейді, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Астана қаласы Жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасының хабарлауынша, жұмысшылар көбінесе Түркия мен Қытайдан келеді. Жалпы, елордада Австралия, Таиланд, Украина және т.б. мемлекеттерден келіп жұмыс істеп жүргендер де бар. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден шақырылған жұмысшыларға рұқсат қағазын алу қажет емес.
«Жұмыс беруші шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат қағазын алу үшін шетелдік жұмысшы туралы ақпаратпен қоса өтініш беруге тиіс. Өтінішті қарау кезінде негізінен оның білімі мен практикалық жұмыс өтілі ескеріледі. Сонымен қатар, белгілі бір қызмет бойынша бөлек талаптар белгіленген. ЭКСПО құрылысы сияқты басымды жобаларға жекелеген квоталар беріледі», - деп түсіндірді Астана қаласының Жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасының бөлім басшысы Сырым Байдаулет.
Елордаға шетелдік жұмыс күшін тартатын жұмыс берушілерден құжаттар 18 сәуірге дейін қабылданады. Комиссияның кезекті отырысы 20 сәуірде өтеді. Айта кетейік, осындай кездесулер ай сайын ұйымдастырылады.