ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Үкімет отырысы барысында министрліктерге жастар саясатын сапалы жүзеге асыруды қамтамасыз ету және жастарды мемлекеттік қолдау шаралары туралы тиімдірек ақпараттандыру бойынша тапсырма берді.
Премьер-Министр Қазақстанда халықтың төрттен бір бөлігінің жастар екенін еске салды. Олар елдің одан әрі дамуына бағыттала алатын зор әлеует саналады.
Б.Сағынтаев жастар саясаты дегеніміз мемлекет пен жастар арасындағы қарым-қатынас қана емес екенін атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыстардың тиімді болуы үшін оған қоғам да, бизнес те қызығушылық танытуы тиіс. Әсіресе, ел аймақтарындағы жастар саясатының сауатты жүзеге асырылуы аса маңызды.
Отырыс барысында жастар өкілдері тыңдалды. Олардың ішінде «Болашақ» республикалық қозғалысының төрағасы мен «Жастар үні» жастар бірлестігінің төрағасы Дәурен Бабамұратов, Ұлттық волонтерлік желісінің төрайымы Вера Ким және Қазақстан студенттер Альянсының басшысы Мержан Әбілқас болды.
«Жастар саясатының басымдықтарын Мемлекет басшысы желтоқсан айында өткен жастар форумында белгілеп берген болатын. Осыған байланысты Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне жастардың белсенділігін ынталандыру үшін жаңа тетіктер мен тәсілдерді пайдалана отырып Мемлекет басшысының нұсқауларын жүзеге асыруды қамтамасыз етуді тапсырамын», - деді Б.Сағынтаев.
Сонымен қатар, Премьер-Министр Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне, әсіресе, жастар арасында кеңінен таралған ғаламтор мен әлеуметтік желілерде мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы бойынша ақпараттық жұмыстарды күшейтуді тапсырды. Әрі бұл жұмыс жүйелі түрде қолға алынуы тиіс.
primeminister.kz