«Қазір екі ел арасындағы авиабайланысты ирандық әуе компаниясы жүзеге асыруда және ол Алматы мен Тегеран арасында аптасына екі рет қатынайды. 2016 жылдың шілде айында «Эйр Астана» да өз рейстерін ашпақ», -дейді елші.
Өз кезегінде «Эйр Астана» әуе компаниясының Ирандағы өкілі Хамид Гамиди екі ел арасында аптасына 14 рейс жасау жөнінде келісімге қол жеткізілгендігін атап өтті. Бұл рейстердің барлығын Инвестициялар және даму министрлігінің Азаматтық авиация комитетінің рұқсатымен «Эйр Астана» компаниясы жасайды.
Сонымен қатар, оның сөзінше, әуе компаниясы Астана мен Тегеран арасында рейстер ашуды көздеп отырғандығын және оған қазір барлық қажетті техникалық мүмкіндіктердің бар екендігін жеткізді. Нақты шешім қабылдау үшін аталған мәселені жан-жақты зерттеу ғана қалды.
«Біз Алматыдан Тегеранға ұшатын алғашқы рейсті 2016 жылдың 2 маусымында жасаймыз деген ойдамын. Аптасына үш рейс жасайтын боламыз. Егер сұраныс болатын болса, біз 14 рұқсаттың 7-ін Астана бағытына береміз»,-деді ол.
Сонымен қатар, Гамиди Астана-Тегеран рейсін басқа әуе компаниясы атқаруы мүмкіндігін де ескертті.