Бүгін Бейбітшілік және келісім сарайында «Урал» Челябі мемлекеттік би ансамблінің концерті өтті. Ресейлік әртістердің шығармашылығын тамашалауға келгендер аз емес. Мерекелік концертке Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков пен Челябі облысының губернаторы Борис Дубровский де қатысты, деп жазады astana.gov.kz сайты.
Сонымен қатар, Челябі облысының Қазақстандағы күндері аясында Бейбітшілік және келісім сарайында жергілікті фотографтардың Оңтүстік Оралға арнаған көркемсурет көрмесі ашылды.
Айта кетейік, Астана мен Челябі облысының арасындағы ынтымақтастық 15 жылдан бері жалғасып келеді және жылдан жылға нығая түсуде. Бүгін хоккейден жаңа «Барыс» мұз айдынында «Барыс» және «Трактор» балалар командаларының жолдастық кездесуі өтті.
Еске салайық, Челябі облысының Қазақстандағы күндері 11-12 сәуірде өтеді. Ертең қонақтар Астананың өнеркәсіптік және мәдени нысандарымен танысады.