Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры көрермен назарына кезекті жаңа премьерасын ұсынады. Сәуір айының 18-19 күндері сағат 19.00-де белгілі орыс драматургі Антон Чеховтың «Шие бағы» пьесасының негізінде «Шие» комедиясының премьерасы өтеді.
Спектакльдің режиссері – Якутиядан арнайы шақыртылған танымал театр және кино режиссері, Якутияның Еңбек сіңірген өнер қайраткері, Ресейдің ұлттық театрларының арасында өтетін «Золотая маска» сыйлығының иегері Сергей Потапов.
Ғасырлар түйіскенде адам баласының басына түсетін құса-шерді, рухани бағдардың жоқтығын сезінуден туар ауыртпалықты, өлара шақта кейіпкерлерді торитын жалғыздық кеселін Чехов пьесасында ішкі иірімдермен берген. Режиссер Сергей Потапов модернистік баянмен өмірде мақсатсыз, қорғанышсыз, дәрменсіз сенделген жандардың тұрмыс-тіршілігін сырты күлкі болғанымен түбінде тұнған көз жасы арқылы беруге ұмтылған.
Чеховтың суреткерлік ұлылығы, адамсүйгіштігі оның қаһармандарының уақыт пен кеңістіктен тыс жасай беретін шынайылығында. Осы орайда, спектакль көрермен қауымды селсоқ қалдырмасы анық.Сахна төрінде режиссердің шешімі бойынша Л.А. Раневская бейнесін Шие есімімен театрдың жас актрисасы, «Золотой Витязь -2015» Халықаралық театр фестивалінің алтын диплом иегері Ақмарал Танабаева сахналайды. Сондай-ақ, спектакль барысында бүгінде көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп жүрген театр артістері, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткерлері – К.Нұрланов, Қ.Қыстықбаев, Н.Өтеуілов, ҚР «Дарын» Жастар сыйлығының иегері С.Қашқабаев, актриса А.Аймағамбет, Д.Алимов, Ш.Ордабаев, А. Ибраева, Ж.Искакова өнер көрсетеді.