Испанияда 40 күн бойы қазақстандық кино көрсетіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Испанияда 40 күн бойы қазақстандық кино көрсетіледі

10.04.2016
Испанияда 40 күн бойы қазақстандық кино көрсетіледі

Сәуір айының басында Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай, Испанияның Барселона қаласында «Қазақстандық кино циклдары» шарасы салтанатты түрде ашылды.

19 наурыздан бастап, 30-шы сәуірге дейін жалғасатын қазақ киносының күндерін ұйымдастыруға Қазақстанның Испаниядағы елшілігі, Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» акционерлік қоғамы, «Дом Азии» қоғамдық ұйымы мен «Cinemes Girona» кинотеатры ұйытқы болған.

Ал, салтанатты шараның ашылуына Қазақстан елшілігінен бөлек, Барселонадағы консулдық корпусы мен Испанияда оқып жүрген қазақ студенттері ат салысуда. Әрине, мұндай айтулы мәдени оқиғаның басты мақсаты – Қазақстанды, оның халқын, дәстүрін, тарихы мен өзге жұртқа үлгі болған татулығын таныту ғана емес, Испания мен Қазақстанның қарым-қатынасын жандандыра түсу.

Бұл күндері Барселонада басталып, Мадрид пен Валенсия қалаларында жалғасын табатын қазақстандық картиналардың көрсетіліміне испаниялықтар көптеп келуде. Олар «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген режиссер Ермек Шынарбаевтың «Дала дауысы», Ермек Тұрсыновтың «Кенже» мен «Шал», Ерлан Нұрмұхамбетовтің «Жаңғақ тал», Рашид Сүлейменовтің «Оралу» фильмдері мен Қазыбек Әміржановтың қысқа метражды «Бақ» картинасы, Бақыт Қайырбековтің «Дешті Қыпшақ. Құпия белгілер» деректі фильмдерін тамашалауда. Фильмдердің барлығы қазақ тілінде испан субтитрімен жүріп жатыр, деп хабарлайды, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы» АҚ баспасөз қызметі.

Хабарламаларға жазылу