Заттыбек Көпбосынұлы: «Ақмаржан» әніне дейін хит деген сөздің мәнін түсінген жоқпын - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Заттыбек Көпбосынұлы: «Ақмаржан» әніне дейін хит деген сөздің мәнін түсінген жоқпын

07.04.2016
Заттыбек Көпбосынұлы: «Ақмаржан» әніне дейін хит деген сөздің мәнін түсінген жоқпын

Бүгін елордадағы «Қазмедиа орталығында» Ұлттық арнаның «Сәлем, Қазақстан!» жобасы аясында әнші Заттыбек Көпбосынұлының концерті өтті.

Кеш шымылдығы әншінің орындауындағы «Әдемі» әнімен ашылды.

Бес жасынан бастап домбыра тарта бастаған өнер иесі сахнаға шықпас бұрын Шымкент қаласында мектепте музыка пәнінен сабақ бергенін, той басқарып, қазақтың қуанышына қызмет қылғанын жеткізді.

Сонымен қатар, атының қойылу тарихымен бөлісті.

«Мен дүниеге келгенде әжем қатты сырқаттанып жатқан екен. Алдымдағы бауырларымның бәрі сол кісілердің қолында өскен. Мені асырап-баға алмайтынын білген соң «сендерге қалдырған тірі аманатым» деген оймен Заттыбек қойған болуы керек. Өмірімде өзіммен аттас бір-ақ адамды кездестірдім», деді әнші.

Концертте халық арасында кең танылған «Кім ойлаған?», «Нартәуекел», «Жаным, сен болмасаң», «Өзің әдемі», «Қасымда жүрсең», «Орамал таққан қыз», «Ақмаржан» сынды әндері орындалды.

Сонымен қатар, тыңдармандарына: «Мені халыққа жақын еткен, танытқан «Ақмаржан» әні. Сондықтан, бұл әнді өнердегі төлқұжатым санаймын. «Ақмаржанға» дейін хит деген сөздің мәнін түсінген жоқпын. Шығармашылығымды шыңдап, мені өсіріп жатқан өздеріңіздің  ақ пейілдеріңіз», деген жүрекжарды лебізін білдірді.

Жобада әншінің орындауында Үкітай Ерниязовтың «Сен еркеледің» атты жаңа әнінің тұсауы кесілді.

 

 

 

 

 

 

 

Хабарламаларға жазылу