Оңтүстік Қазақстан облысында Ордабасы және Қазығұрт аудандарының әкімдері тағайындалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оңтүстік Қазақстан облысында Ордабасы және Қазығұрт аудандарының әкімдері тағайындалды

06.04.2016
Оңтүстік Қазақстан облысында Ордабасы және Қазығұрт аудандарының әкімдері  тағайындалды

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі мен Ордабасы аудандық мәслихатының келісімі бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің өкімімен Ордабасы ауданының әкімі лауазымына Алмасбек Кеңесбекұлы Мамытбеков тағайындалды.

А.К. Мамытбеков 1969 жылы туған, білімі жоғары.

Еңбек жолын 1984 жылы Шымкент облысы Түлкібас ауданының құс фабрикасының электромонтері ретінде бастаған. 1996 жылы Шымкент қалалық Жастар ісі, туризм және спорт басқармасының маманы. 2005-2016 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы Ішкі саясат департаменті директорының орынбасары, Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары, Оңтүстік Қазақстан облысы Ішкі саясат басқармасының басшысы, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппараты ұйымдастыру-инспекторлық бөліміндегі облыс әкімінің бас инспекторы, «Нұр-Отан» партиясының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалы төрағасының орынбасары және бірінші орынбасары, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппараты баспасөз қызметінің басшысы, Оңтүстік Қазақстан облысы Ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы лауазымдарын атқарған.

2016 жылдың ақпан айынан бастап Оңтүстік Қазақстан облысы Ішкі саясат басқармасының басшысы болып қызмет етіп келді.

Сонымен қатар, бүгін Қазұрт ауданына да жаңа әкім тағайындалды.

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімі және Қазығұрт аудандық мәслихатының келісімі бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің өкімімен Қазығұрт ауданының әкімі лауазымына Төлеген Тұртайұлы Телғараев тағайындалды.

Т.Т. Телғараев 1973 жылы туылған, білімі жоғары, мамандығы – инженер-механик, экономист-қаржыгер.

Еңбек жолын 1990 жылы Шымкент автокөлік кәсіпорынның құрылыс ауласының бетоншысы ретінде бастаған. Мемлекеттік қызметті өткеруді 1997 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы аумақтық жекешелендіру комитеті мемлекеттік акция пакеттері және мемлекеттік қатысу үлесі бөлімінің бас маманы лауазымында бастаған.

2004-2008 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының коммуналдық меншік департаменті жалға беру және жекешелендіру бөлімінің бастығы, осы облыстың қаржы департаментінің мемлекеттік сатып алу бөлімінің бастығы, Оңтүстік Қазақстан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар департаменті еңбек рыногы және квоталау бөлімінің бастығы, Оңтүстік Қазақстан облысының қаржы департаменті директорының орынбасары лауазымдарын атқарған.

2008 жылдың қараша айынан бастап Оңтүстік Қазақстан облыстық Қаржы басқармасы басшысының орынбасары болып қызметін атқарып келді.

 

Хабарламаларға жазылу