Бүгін Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінде «Мәшһүр жайлы сөз еткенде...» атты белгілі фольклортанушы, көрнекті ақын Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының тарихи-мәдени мұрасын насихаттауға арналған әдеби кеш және көрменің ашылуы болады.
Осыған орай Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шөбересі, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің докторы Лаура Жүсіпова мен Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы атындағы мұражайдың ғылыми қызметкері Әсет Пазылов «Таңшолпанға» сұхбат берді.
«Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының ұрпақтары да ғылым-білім жолында. Мектептерде, жоғары оқу орындарында дәріс беріп жүрген ұрпақтары бар. Тікелей өз ұрпақтары арасында да, жиеннен тараған ұрпақтар арасында да бүгінде ғылым докторлары баршылық. Біз ұстаздық жолды негізгі бағыт етіп келеміз»,-дейді Лаура Жүсіпова.
Тарихи тұлғаның мұражайы турасында сөз еткен Әсет Пазылов мұражайдың негізгі мақсаты – мәшһүртану саласын дамыту екенін айтады.
«Атамыздың өмір тарихын халық осы мұражай арқылы біледі. Мұражайда Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының жеке заттары сақтаулы»,-дейді ол.
Ақын шығармаларының зерттелуі турасында Лаура Жүсіпова: «Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шығармашылығы әлі де болса толық зерттелген жоқ. Оның негізгі себебі – мұрағат бір жерде жинақталмаған. Оның үстіне туындылары бірнеше тілде жазылған. Шағатай тілі, ортағасырлық парсы, ортағасырлық араб тілдері бар. Бұған біздің әлі тісіміз батпай жатыр»,-дейді.
Сұхбаттың толық нұсқасын «Таңшолпаннан» көре аласыздар.