Бұл туралы «Ақтөбе ақпарат» орталығында өткен баспасөз мәслихатында Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев хабарлады.
Аймақ басшысы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының облыста атқарылу барысының аралық қорытындысымен таныстырған болатын.
Бердібек Сапарбаевтың айтуына қарағанда, экспорттық тауарлар өндіру және Қазақстанның әлемдік нарыққа шығуы үшін өнеркәсіп секторына трансұлттық компанияларды жұмылдыру жөнінде шаралар қолға алынуда.
Осыған байланысты, аймақта бірқатар инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Олардың қатарында жылына 1 млн тонна цемент және 500 мың тонна толтырғыш өндіретін инвестиция көлемі $150 млн. доллар болатын цемент зауыты бар. Қазіргі уақытта «Хуасинь цемент» корпорациясының жобалаушылары цемент зауыты құрылысы жобасын әзірлеп жатыр.
«Австралияның «Қазақстан Поташ Корпорэйшн» компаниясы инвестиция көлемі $595,2 млн. долларды құрайтын, қуаты жылына 800 мың тонна калий тыңайтқышы өндірісін қолға алмақшы. Біріккен Араб Әмірліктерінің «Панджа Голдэн Оазис Дженерал Трэйдинг Л.Л.С» компаниясы қуаты жылына 3 мың тонна никель оксиді концентраты мен 123 тонна кобальт оксиді концентратын өндіретін никель зауытына 125 млн.доллар инвестиция құюға ниеттеніп отыр», - деп атап өтті облыс әкімі.
Инвесторлар ауданы 30 гектар жер телімін алып, жобаның бизнес-жоспарын әзірлеп қойды. Алдағы уақытта жоба қолға алына бастайды. Бұл жобалар аясында 1 мың 600 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.