Мәжіліс депутаттары Парламент кітапханасында басталған «Ашық есік» күні шарасына қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәжіліс депутаттары Парламент кітапханасында басталған «Ашық есік» күні шарасына қатысты

04.04.2016
Мәжіліс депутаттары Парламент кітапханасында басталған «Ашық есік» күні шарасына қатысты

Халық қалаулыларын Аппараттың ақпарат-талдау бөлімінің меңгерушісі Жанна Құрманғалиева мен сектор меңгерушісі Қанат Құдайбергенов ақпараттық қорлармен және көрмелермен таныстырды.

Әлемде көптеген елдердің Парламенттерінің жанынан Ұлттық кітапханалар құрылған. Қазақстан Республикасы Парламентінің жанында да осындай кітапхана бар. Оның жалпы кітап қорында 46 мыңнан астам бірлік, оның ішінде 26 мың кітап және 227 мерзімді басылым бар. Кітапхана жұмысында дәстүрлі әдісімен бірге әртүрлі жаңа ақпараттық технологиялар кеңінен қолданылады.

Парламент кітапханасы Палаталардың заң шығару қызметін қамтамасыз ету мәселелеріне, талқыланатын заң жобаларына, парламенттік тыңдауларға және Парламент өткізетін шараларға библиографиялық және анықтамалық-ақпараттық материалдар дайындауға ерекше көңіл бөледі.

Парламент Палаталарының комитеттерімен және аппараттарының бөлімдерімен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейді. Парламент кітапханасы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Ақпараттық-талдау орталығының құрамдас бөлігі ретінде 1987 жылы құрылды. Орталықтың негізгі міндеті -елдегі жоғарғы өкілді органның қызметін ақпараттық-анықтамалық, талдамалық жəне кітапханалық-библиографиялық жағынан қамтамасыз ету болып табылады.

Қазіргі уақытта кітапхана Қазақстан Республикасы Парламенті Мəжілісі Аппаратының ақпарат-талдау бөлімінің құрамында жұмыс істейді.

Парламент кітапханасы Қазақстанның көптеген кітапханаларымен жəне өзге де мемлекеттік жəне жекеше ақпараттық құрылымдармен тығыз байланыс орнатқан.

Кітапхана халықаралық ақпарат алмасу шеңберінде Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасының Парламенттік кітапханасымен, Ресей Ғылым Академиясының Мемлекет жəне құқық институтымен, Ресей Үкіметі жанындағы Заңнама жəне салыстырмалы құқықтану институтымен ынтымақтасып отыр, сондай-ақ ол ТМД-ның бірқатар елдерінің парламенттік кітапханаларымен іскерлік байланысқа ие, деп хабарлайды ҚР Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметі. 

 

Хабарламаларға жазылу