Бүгін Түркістанда Сидней Олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттархановты еске алуға арналған бокстан жастар арасындағы ХV халықаралық турнир мәресіне жетеді.
Аталмыш шара Б.Саттарханов атындағы спорт кешенінде өтуде. Дүбірлі додаға Ресей, Қытай, Израиль, Қазақстан, Түркіменстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан сынды елдерден 154 боксшы келген. Турнирде ер жігіттермен қатар бұрымды қыздар да бақ сынап жатыр.
Халықаралық турнирдің ашылу салтанатына Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Ғ.Рысбеков, Сидней Олимпиадасының чемпионы Е.Ыбырайымов, Б.Саттарханов атындағы спорт мектебінің директоры Б.Қырықбаев, Бекзаттың әкесі С.Саттарханов пен анасы Сырлан апай қатысып, өздерінің жүрекжарды лебіздерін білдірді.
Айта кетейік, 15 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан халықаралық турнирден даңқты боксшылар – Б.Артаев, Г.Головкин және А.Жүсіповтер қанатын қатайтып, былғары қолғаптан шеберлігін шыңдаған, деп хабарлайды Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.