Бокстан Қазақстан Ұлттық құрамасы Қытайда 7 олимпиадалық лицензия ұтып алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бокстан Қазақстан Ұлттық құрамасы Қытайда 7 олимпиадалық лицензия ұтып алды

01.04.2016
Бокстан Қазақстан Ұлттық құрамасы Қытайда 7 олимпиадалық лицензия ұтып алды

Қытайда бокстан Азия және Мұхит аймағы бойынша Олимпиада ойындарының лицензиялық турнирі өтіп жатыр.

Бүгін қазақстандық боксшы Олжас Сәттібаев қосымша жекпе-жекте қырғызстандық Азамат Үсенәлиевті 3:0 (29:28, 30:27, 30:27) есебімен жеңіп, Рио Олимпиадасының жолдамасын жеңіп алды.

Осылайша Қытайда өткен лицензиялық турнирде бокстан Қазақстан Ұлттық құрамасы барлығы 7 жолдама ұтып алды. Олар: 52 келіде Олжас Сәттібаев, 56 келіде Қайрат Ерәлиев, 64 келіде Абылайхан Жүсіпов, 75 келіде Жәнібек Әлімханұлы, 81 келіде Әділбек Ниязымбетов, +91 келіде Иван Дычко және қыздар арасынан 75 келіде Дариға Шәкімова.

Айта кетейік, бұл жарысқа Қазақстан атынан барлығы 9 спортшы қатысып, Назым Қызайбай мен Назым Ищанова лицензия ала алмады.

Ал, бұған дейін Қазақстанның Ұлттық құрамасында 49 келіде Біржан Жақыпов, 60 келіде Берік Әбдірахманов, 69 келі салмақта құрама капитаны Данияр Елеусінов пен 91 келідегі Василий Левит Рио жолдамасын иеленген болатын. Яғни, Бразилиядағы Олимпиада ойындарына бокстан Қазақстанның ерлер құрамасы толық құрамда қатысып, 10 салмақ дәрежесінде жүлделерді сарапқа салады. 

Хабарламаларға жазылу