Астанада Рио-де-Жанейрода өтетін XV жазғы Паралимпиада ойындарына қатысты мәселелер талқыланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада Рио-де-Жанейрода өтетін XV жазғы Паралимпиада ойындарына қатысты мәселелер талқыланды

31.03.2016
Астанада Рио-де-Жанейрода өтетін XV жазғы Паралимпиада ойындарына қатысты мәселелер талқыланды

Отырысқа  ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт  және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов, Ұлттық Паралимпиада Комитетінің басшылығы, Ұлттық олимпиада комитетінің өкілдері, ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру комитетінің Ұлттық штаттық командалар және спорттық резерв дирекциясының басшылығы, Дене мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы, мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған облыстық спорт клубтары мен мектептердің жетекшілері, спорт түрлері бойынша бас бапкерлер қатысты.

Паралимпиялық ойындардың басталуына 161 күн қалды. Олар 7 және 18 қыркүйек аралығында Рио-де-Жанейро қаласында жүлделердің 528 топтамасы ойнатылатын 23 спорт түрі бойынша өтеді. Ойындар бағдарламасына тұңғыш рет триатлон және каноэдан жарыстар енгізілді. 

Елсияр Қанағатовтың сөзінше, Риодағы 15-ші Паралимпиалық ойындарға Лондондағы 2012 жылғы Олимпиададағы 7 спортшыға қарағанда көбірек қатысушыны жіберу жоспарланған. Бүгінгі таңда алты қазақстандық спортшы ойындарға жолдама жеңіп алды. Енді, жеңіл атлетика, оқпен ату және садақтан атудан лицензияларға қол жеткізу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы «Дене шынықтыру және спорт туралы» ҚР заңында Паралимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне материалдық көтермелеу және баспанамен қамтамасыз ету нормалары енгізілгендігі туралы хабарлады.

Спорт түрлері бойынша аға жаттықтырушылар өз баяндамаларында спортшыларының ағымдағы жетістіктері және төртжылдықтың басты жарыстарына даярлық үрдісінің өзекті мәселелеріне кеңінен тоқталып өтті. Нақты айтқанда, жаттықтыру объектілерінің материалдық-техникалық базасын жақсарту, спортшыларға уақытылы медициналық және психологиялық көмек көрсету қажеттілігі бірнеше рет ескертілді.

Отырыс соңында спорттық ұйымдар, спорт түрлері бойынша федерация басшылары, жаттықтырушылар мен Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты қызметкерлеріне параспортшылардың Бразилияда өтетін үлкен спорт жарыстарына одан әрі қарайғы жемісті дайындығын қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар мен ұсыныстар берілді.

Хабарламаларға жазылу