Бәйдібек ауданында бірқатар әлеуметтік нысандар ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бәйдібек ауданында бірқатар әлеуметтік нысандар ашылды

28.03.2016
Бәйдібек ауданында бірқатар әлеуметтік нысандар ашылды

Аудандағы орталық алаңға қаз-қатар тігілген ақ шаңқан үйлер мен алтыбақан, наурыз нақыштарымен безендірілген сахна көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Әсіресе, жаңару күнінде ашылған «Құрметті Азаматтар аллеясы» жергілікті жұрттың көңілінен шықты. Көпшілік алдында аудан әкімі Б.Көшербай сөз сөйлеп, есімдері құрмет тақтасына жазылған азаматтардың ауданның өсіп-өркендеуіне үлес қосқан ардақты ағалар мен апаларға деген құрмет екенін, бұл ізеттің әрдайым жалғаса беретінін айтты.

Бұдан кейін көпшілік аудан әкімдігі ғимаратының сол жағындағы «Жастар аллеясына» жиналды. Ұлыстың ұлы күнінде жаңадан ашылған аллеяда жас жұбайларға  неке куәліктері салтанатты түрде табысталып, үлкендер жағы ақ баталарын берді, деп хабарлайды Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Бұдан соң наурыз тойы орталық алаңдағы салтанатты шараға ұласты. Мерекеде көпшілік аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары әзірлеген сахналық қойылым - Көктем аруы және Қыдыр атаның Наурыз тілегі мен Наурыз батасын тамашалап, наурыз көжеден дәм татты.

Аудан өнерпаздары мен Шаян саз мектебінің ұлт-аспаптар оркестрінің ұжымы ұсынған концерттік бағдарлама алаңға жиналған жұртшылықты мерекелік көңіл-күйге бөледі. Ал, аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жылдағы дәстүр бойынша ұлттық ойындар - қазақ күресі, гір тасын көтеру, арқан тарту жарыстарын ұйымдастырып, жеңімпаздарды марапаттады.

Сондай-ақ, мереке күндері аудан орталығы – Шаянда аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт кешені бой көтерсе, Ақбастау ауылдық округінің Жолғабас ауылындағы негізгі орта мектептің жанынан жаңа асхана мен спорт залы ашылды.

Ал үй кезегінде бірнеше жылдан бері тұрған 14 азаматқа жаңа баспананың кілті табысталып, бәйдібектіктер наурыз тойында бір жасап қалды.

Хабарламаларға жазылу