Оңтүстік Қазақстан облысында ойыншық өндірісі жанданып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оңтүстік Қазақстан облысында ойыншық өндірісі жанданып келеді

28.03.2016
Оңтүстік Қазақстан облысында ойыншық өндірісі жанданып келеді

Соңғы үлгідегі қондырғылар айына 6 мың данаға дейін түрлі ойыншық жасап шығара алады. Шикізат шетелден әкелінеді. Сондықтан сапасы жоғары. Техниканың тілін жергілікті жастар толық меңгерген. Бұзылса, өздері жөндеп алады. Ойыншық сапалы болуы үшін технология қатаң сақталуы керек. Қателессең, еңбек еш кетеді.

Кәсіп иесі Рабиға Байтемірова бір кездері базарда тұрып, ойыншық сатқан. Оның өз ісімді ашсам деген арманы мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асты. Іскер келіншекке жары мен Қытайда білім алған ұлы да қолдау білдіріпті. Наурызбек шетте оқып жүріп ойыншық жасаудың қыр-сырын толық үйреніп келді.

«Түрлі өнім шығарып жатырмыз. Сұраныс жақсы болып тұр. Ойыншықтардың сапасы жақсы, сертификаты бар. Енді ішіне кішкентай балалар отырып алып, жүргізетін машина жасап шығарғым келеді», - дейді кәсіпорынның менеджері Наурызбек Байтеміров.

Кәсіпкер істі бастамас бұрын ішкі нарықты толықтай зерттеп шыққан. Ол қазіргі бүлдіршіндердің талғамы жоғары екендігін айтады. Бүлдіршіндерге қуаныш сыйлайтын кәсіпорын болашақта Шымкенттегі индустриялды аймаққа көшпек. Қосымша қондырғылар әкеліп, қуыршаққа дейін шығару жоспарда бар.

Хабарламаларға жазылу