Н.Назарбаев: Қазақстан биылғы жылдың 1 қаңтарынан бері жаңа құқықтық институттық ортада өмір сүріп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Н.Назарбаев: Қазақстан биылғы жылдың 1 қаңтарынан бері жаңа құқықтық институттық ортада өмір сүріп жатыр

25.03.2016
Н.Назарбаев: Қазақстан биылғы жылдың 1 қаңтарынан бері жаңа құқықтық институттық ортада өмір сүріп жатыр

«Парламенттің жаңа құрамы жұмысын өте қиын жағдайда бастап отыр. Бүкіл әлемді көпдеңгейлі, көпбағытты дағдарыс дендеді. Біріншіден, бұл әлемдік сауда және қаржы нарықтарымен байланысты. Бұл жағдай әрине, Қазақстан экономикасына да кері әсер етіп отыр және ол жаһандық экономикаға енген Қазақстанның объективті тәуекелдерінің бағасы. Екіншіден,  экономикалық жағдайы тұрақты деген елдердің өзінде түрлі әлеуметтік мәселелер орын алып отыр. Бұл мәселелер жұмыссыздар санының көбеюі мен әскери қақтығыстар болып жатқан аймақтармен қатар жаһандық экономикалық дағдарыстан зардап шеккен елдерден келіп жатқан босқындардың проблемасына орай уақыт өткен сайын үдей түсуде»,-деді ҚР Президенті.

Сонымен қатар, Елбасы қазіргі таңда әлемдегі жағдайдың өте күрделі болып отырғандығын атап өтті. «Қазір геосаясатта да экономикада да қандай да бір шешім қабылдау оңай емес. Осы ретте мен салмақты мемлекеттік шешімдер мен соңғы 3 жылда қабылданған жаңа заңдар мен стратегиялық шешімдерсіз бүгінгі жағдайдың әлдеқайда қиын болуы мүмкін екендігін айтып өткім келеді. Бұл біздің «Стратегия-2050», «Нұрлы жол», Ұлт жоспары сияқты өзге де құжаттарға қатысты айтылған дүние»,-деді Президент.

Елбасы сөзінде биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанның жаңа құқықтық институттық ортада өмір сүріп жатқандығын атап өтті. «Ол 59 заң мен 400 заңнамалық актілердің қабылдануымен байланысты. Кеше тек жоспар болып келген дүниелер бүгін кәдімгі өмірге айналды. Әрбір қазақстандық үшін дамыған мемлекеттерде бар жаңа мүмкіндіктер ашылуда»,-деді Мемлекет басшысы.

Хабарламаларға жазылу