ОСК Парламент Мәжілісі депутаттары сайлауының қорытындысын жария етті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ОСК Парламент Мәжілісі депутаттары сайлауының қорытындысын жария етті

22.03.2016
ОСК Парламент Мәжілісі депутаттары сайлауының қорытындысын жария етті

Бұл туралы бүгін Орталық сайлау комиссиясының баспасөз қызметінен мәлім болды.

Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, 2016 жылғы 22 наурызда Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының отырысы болды. Онда «Алтыншы шақырылатын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын кезектен тыс сайлаудың қорытындыларын анықтау және жариялау, партиялық тізімдер бойынша дауыс беру қорытындыларына қарай депутаттық мандаттарды бөлу туралы» қаулы қабылданды.

Облыстық, Астана және Алматы қалаларының аумақтық сайлау комиссиялары ұсынған деректерге сәйкес, «Нұр Отан» партиясы  6 миллион 183 мың 757 дауыс жинаған. Бұл  дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 82,20 пайызы. Қазақстан коммунистік халық партиясы 537 мың 123 дауыс жинаған. Бұл сайлаушылардың жалпы дауыстарының 7,14 пайызы. Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы  540 мың 406 дауыс жинаған. Яғни, бұл партияны дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 7,18 пайызы қолдаған. Сондай-ақ, «Бірлік» саяси партиясы 21 мың 484 дауыс жинапты. Яғни, аталмыш партияны дауыс берген сайлаушылардың 0,29 пайызы қолдаған. Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясына 88 мың 813 дауыс берілген. Бұл сайлаушылардың жалпы санының 1,18 пайызы. «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы  151 мың 285 дауысын жинап, дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 2,01 пайызының ықыласына бөленген.

Осылайша, сайлау туралы заңға сәйкес, «Нұр Отан» партиясы Парламент Мәжілісі депутаттарының 84 мандатын, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы 7 мандатын және Қазақстан коммунистік халық партиясы 7 мандатын алды.

Сондай-ақ, Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлаудың қорытындыларын белгіледі. Оған сәйкес, Қазақстан халқы Ассамблеясынан Парламент Мәжілісінің депутаттары болып:  Сауытбек Абдрахманұлы Абдрахманов, Владимир Карпович Божко, Наталья Васильевна Жұмаділдаева, Роман Укенович Ким, Наринэ Гамлетовна Микаелян, Ахмет Сейдарахманович Мурадов, Шаймардан Усаинович Нурумов, Юрий Евгениевич Тимощенко, Шакир Хусаинович Хахазов сайланды.

ҚР ОСК бекіткен сайлау қорытындылары туралы ресми хабар БАҚ-та жарияланады және Орталық сайлау комиссиясының  ресми интернет-ресурсында орналастырылады.

ҚР ОСК төрағасы аталған қаулыны қабылдай отырып, Орталық сайлау комиссиясының елде соңғы екі ай бойы жүрген сайлау науқанын аяқтайтынын атап өтті.

«Осылайша, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы Президентінің Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын ұйымдастыру және өткізу туралы Жарлығының орындалуын қамтамасыз етті» - деді Қ. Тұрғанқұлов.

Хабарламаларға жазылу