Алматы облысының әкімі Наурыз мерекесіндегі бұлақтың көзін ашу рәсіміне қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысының әкімі Наурыз мерекесіндегі бұлақтың көзін ашу рәсіміне қатысты

22.03.2016
Алматы облысының әкімі Наурыз мерекесіндегі бұлақтың көзін ашу рәсіміне қатысты

Облыс әкімі Амандық Баталов бастап алдымен «Бұлақтың көзін ашу» рәсімін атқарды. Мұнан соң Қонаев көшесінің бойында тігілген ақшаңқан киіз үйлердің алдында өтіп жатқан той-думанды тамашалады. «Наурыз тілектер» айтылып, қазақ халқының салт-дәстүрлерінен көріністер көрсетілді. Наурыз айтыс ұйымдастырылып, тал отырғызу рәсімі жасалды. Наурыз тағамдары ретінде бауырсақ, наурыз көже, ет, ұлттық тағамдар ұсынылды.

Наурыз тойы жақында бой көтерген «Жастар» мәдени-демалыс саябағының ішінде «Қасиетті халық тойы – нұрлы Наурыз» атты театрландырылған көріністермен жалғасып, табиғаттың оянуы, аластау рәсімі, шашу, басқа да дәстүрлер көрсетілді.

Жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтаған облыс әкімі А. Баталов: «Ұлыстың Ұлы күні, береке мен бірліктің бастауы, Жыл басы – Наурыз құтты болсын! Қазіргі уақытта Наурыз жаңа сипатқа ие болды. Ұлтына, діни сеніміне қарамастан, Қазақстанды мекендейтін барлық ұлттар мен ұлыстардың ортақ мерекесіне айналды. Алдымызда үлкен асулар, үлкен белестер тұр. Мешін жылы Елбасымыздың басшылығымен еліміз үшін қазыналы, мерекелі, берекелі жыл болсын!» – деді.

Құттықтау тілегінен кейін облыс басшысы «Наурыз аруы» байқауының жеңімпаздарын марапаттады. Мереке концерттік бағдарламаға жалғасып, Қазақстан эстрадасының танымал топтары мен әншілері «Арнау» дуэті, Мирас пен Құралай, Кәмшат Жолдыбаева, сонымен қатар Сүйінбай атындағы облыстық филармония мен «Талдықорған әуендері» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің өнерпаздары өнер көрсетті.

Хабарламаларға жазылу