Қазақ халқының ежелден келе жатқан мейрамы Наурыз - көктем мезгілінің жетіп, күн мен түннің теңеліп, табиғат-ананың оянатын уақытымен тұспа-тұс келеді.
Наурыз парсы тілінен аударғанда «Жаңа күн» дегенді білдіреді. Қазақтар бұл күнді Ұлыстың ұлы күні деп те атайды. Мерекенің басты тағамы - жеті түрлі қоспадан дайындалатын наурыз көже.
Наурыз - ежелгі заманнан қалыптасқан жыл бастау мейрамы. Қазіргі күнтізбе бойынша күн мен түннің теңелуі кезіне келеді.
2010 жылдың 10 мамырынан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының 64-қарарына сәйкес, 21 наурыз - Халықаралық Наурыз күні болып аталып келеді.
Бас Ассамблея түсініктемесінде Наурызды көктем мерекесі ретінде 3000 жылдан бері Балқан түбегінде, Қара теңіз аймағында, Кавказда, Орта Азияда және Таяу Шығыста 300 миллион адам тойлап келе жатқанын мәлімдеген.
Наурыз мерекесіне ерекше әрі алдын ала дайындалатын болған. Себебі ол тазалық пен жаңарудың мерекесі ретінде де аталып өтіледі.
Осыған орай, мереке жақындаған тұста үйдің айналасы мен арықтар, жылғалар тазартылып, бұлақтардың көзі ашылып, адамдар ең сәнді киімдерін киіп шыққан. Әр үйде дәмге толы бай дастархан жайылған.
Мереке кезінде қалың көпшілік бір-бірімен көрісіп, ыстық ықыластарын білдіріп, бір-біріне жаңа табыстар, жақсылықтар тілеген. Ал, ақсақалдар баталарын берген.
Наурыз мейрамын бүкіл ауыл, ел болып тойлайды. Дәстүрлі ұлттық ойындар (көкпар, аударыспақ, күрес, қыз қуу,алтыбақан, тең көтеру, т.б.) ұйымдастырылады. Мереке ән салып, би билеумен, ақындар айтысымен, қазақша күреспен, ат жарысымен жалғасып кете береді.