Қала басшысы еліміз және сырт аймақтарда жолаушы тасымалдайтын халықаралық «Сайран» халықаралық автобекетінің жұмысымен танысты, деп хабарлайды Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Б.Байбек жолаушыларға көрсетілетін жұмыс сапасын жақсартуды және Мемлекет басшысы Н. Ә. Назарбаевтың алға қойған міндеттерін жүзеге асыруда нақтылы шараларды қолға алу қажеттігін атап өтті. Жалпы, Алматы әкімдігі 2017 жылғы Универсиада қарсаңында Алматыға келетін жолушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін әуежайдың, теміржол және автовокзалдардың жұмысын жіті қадағалау керектігін айтты.
«Көлік инфрақұрылымы нысандарында қауіпсіздік, сервис және жайлылық қамтамасыз етілуі тиіс», - деді әкім.
Мегаполис басшысы «Халықаралық Алматы әуежайында» және қаланың Түрксіб ауданында орналасқан «Алматы-1» теміржол вокзалында болды. Өзінің кезекті жұмыс сапары барысында Б.Байбек Түрксіб ауданында тұрғындардың тұрмыс деңгейін жақсарту үшін барлық жағдайлардың жасалып жатқандығын атап өтті. Жаңа үйлер салынып, «Ескі үйлер» бағдарламасы жүзеге асуда, мектептер, бала бақшалары, спорт алаңдары іске қосылуда.