Ұлттық банк ипотеканы қайта қаржыландырудың мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер енгізетін болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық банк ипотеканы қайта қаржыландырудың мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер енгізетін болды

17.03.2016
Ұлттық банк ипотеканы қайта қаржыландырудың мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер енгізетін болды

Ұлттық банк ипотеканы қайта қаржыландырудың мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер енгізетін болды. Енді проблемалық несиелерге бағытталған Қордағы қаржыны игеру уақыты биылғы жылдың 1 желтоқсанына дейін ұзартылмақ.

Бұл туралы  Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев Ақтөбедегі сапары барысында мәлімдеді. Сондай-ақ, бас банкир базалық ставканы төмендетуге ешқандай негіздің жоқ екенін айтты.

Ипотеканы қайта қаржыландыру бағдарламасына бірқатар бағыттар бойынша өзгерістер енгізіледі:

- проблемалық несиелерге бағытталған Қордағы қаржыны игеру уақыты 2016 жылдың 1 желтоқсанына дейін ұзартылады;

- бағдарламаға қатысатын банктердің тізімі көбейеді; 

- 2015 жылдың 1 қаңтарына дейін кепіл болушының немесе оның жұбайының ортақ баспанасы болмауы керек деген шектеу алынады;

- кепілде тұрған пәтердің шаршы метрі есепке алынбайды;

- бағдарламаға жеке баспанасы немесе қосымша жер телімдері бар борышкерлер де қатыса алады.

Сонымен қатар, әлеуметтік жағдайы төмен санаттағы борышкерлер мемлекеттік баж салығын төлеуден босатылады. Бүгінгі күні 19 мыңнан астам қазақстандық ипотеканы қайта қаржыландыруға өтініш жазыпты. Соның ішінде жалпы құны 76 миллиард теңге болатын 12 500 өтініш мақұлданған.

Данияр Ақышев,  ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:

Біз облыстық әкімшіліктермен тығыз қарым-қатынас орнатпақпыз. Проблемалы несие алушылардың мәселесін біржақты етуге күш саламыз. Банк өкілдерімен қарыз алушылар арасында алтын көпір болуға  дайынбыз. Әкімшіліктер де бұл жерде көмек береді. Олар ипотекалық несие алған азамат жұмыссыз қалса, оған қарызын өтеуге көмегін беріп, бос орын ұсынбақ. Міне, Ұлттық банк қазір осы бағыттарда жұмыс істемек.

Доллармен депозит ашқан салымшылардың алаңдауына еш негіз жоқ. Бас банкир шетел валютасымен ашылған депозитттер теңгеге  ауыстырылмайтынын әрі ешқандай шектеу болмайтынын айтты.

Соңғы екі жылда тұрғындар ақшасын теңгемен жинау үшін сыйақының ең жоғарғы мөлшерлемесін 9-дан 14 пайызға дейін көтерген болатын. Ал, шетел валютасымен депозиттер керісінше 4,5-нан 2 пайызға дейін төмендетілді.

Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:

Ақпан айының алдын ала қорытындысы бойынша  ұлттық валютадағы депозиттердің аздаған өсімі байқалады. Барлық банк жүйесіндегі сома 300 миллиард теңгеге жуықтайды. Наурыз айында да жеке тұлғалардың теңге түріндегі депозиттерінің саны көбейеді деп күтілуде.

Сондай-ақ, Ақтөбедегі сапары барысында Данияр Ақышев базалық ставка төмендемейтінін мәлімдеді. Қазіргі бекітілген мөлшерлеме 17 пайыз, тек 2 пайыз шамасында ауытқулар болуы мүмкін. 

Әсима НҰРБАЙҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу