Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі аналар мен аруларды мерекелерімен құттықтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі аналар мен аруларды мерекелерімен құттықтады

05.03.2016
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі аналар мен аруларды мерекелерімен құттықтады

Мерекелік жиынға қоғамның дамуы мен Тәуелсіз еліміздің демографиялық өсіміне үлес қосып жүрген көпбалалы аналар, ұлағатты ұстаздар мен білікті дәрігерлер, бизнес бастап, кәсіптен нәсіп тапқан кәсіпкерлер мен қаламы қарымды журналист ханымдар жиналды. Сұлу да табысты қыз-келіншектерді төл мерекесімен құттықтаған облыс әкімі оларға арнайы сый-сияпат жасады, деп хабарлайды Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

«Алып та, ақын да – Анадан туады». Бұл біздің дана халқымыздың сөзі. Бәріміз Анадан тудық. Ана – өмірдің бастауы, мейірімнің бұлағы. Әр күнімізде біз әйелдің қоғамдағы орны мен рөлін жете түсініп, үлкен құрмет көрсетіп отырамыз. Сіздер, еліміздің көркеюіне белсене атсалысып, барлық салада абыройлы жұмыстарыңызбен көпшіліктің құрметіне бөленген жандарсыздар,- деді Б.Атамқұлов өз құттықтау сөзінде.

Айта кетейік, Оңтүстік Қазақстан облысындағы жалпы халықтың саны 2 840,6 мың адамды құраса, оның 1 млн. 400 мыңнан астамы әйел азаматтары. Олардың экономикалық тұрғыдан белсенділері 73,3 пайызды құрайды. «Бүгінгі таңда олар өңіріміздің дамуы үшін қоғамымыздың түрлі салаларында еңбек етіп келеді. Мәселен, мемлекеттік қызмет саласындағы қыз-келіншектердің үлесі 36,8 пайыз болса, білім саласындағы педагогтардың 73,2 пайызы, денсаулық сақтау саласындағы білікті дәрігерлер мен мамандардың 86 пайызы нәзік жандылардан тұрады»,-делінген баспасөз мәліметтерінде.

Оңтүстік Қазақстанда өткен жылы 80 мыңнан астам сәби туылып, 150 мыңнан астам әйел көпбалалы ана ретінде тіркелген. Осы күнге дейін жалпы облыста олардың 30 мың 753-і Елбасы Жарлығымен «Алтын алқа» иесі атанып, 41621-і «Күміс алқа» белгісімен марапатталған. 

Хабарламаларға жазылу