20 наурызда ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс және Астана қаласы мәслихаты депутаттарының кезекті сайлауында дауыс беру учаскелерін нақтылау үшін тұрғындардың басым бөлігі – 22 мыңнан астамы әкімдіктің e.astana.kz электронды қызметтер веб-порталын («Поиск избирательного участка» бөлімі) пайдаланған. Ал 19 мыңға жуық азамат 55-66-55 номері бойынша қала әкімдігінің байланыс орталығына хабарласқан.
«Астана қаласы әкімдігінің байланыс орталығы, e.astana.kz және аstana.gov.kz веб-сайттары, қала бойынша қоғамдық орындарда орналасқан ақпараттық дүңгіршектер, сондай-ақ, 1414 қысқа номері бойынша SMS-сервисінен (бұл туралы мына жерден оқыңыз http://astana.gov.kz/ru/modules/material/9991) басқа, осы аптада елорда әкімдігі қала тұрғындарына ыңғайлы болуы үшін «пилоттық» режимде WhatsApp және Telegram қосымшалары арқылы хабар алмасу үшін интерактивті сервисін іске қосты. Номері - +7 (747) 955 66 55»,-деп хабарлайды Астана әкімдігінің баспасөз қызметі.
Аталған сервис әр азаматқа сайлауда дауыс беру учаскесінің номерін, мекен жайын, телефоны мен сайлау учаскесі орналасқан ғимаратты көрсете отырып, дауыс беру учаскесі туралы ақпаратты ұсынады, сондай-ақ, электронды карта арқылы ғимараттың орналасқан жеріне сілтеме береді.
«Қызметті пайдалану үшін қосымшаны (болмаса жүктеп алыңыз) іске қосып, келесі іс-әрекеттерді орындаңыз: WhatsApp үшін: +7 (747) 955 66 55 телефон номерін сақтап, жеке сәйкестендіру номеріңізді (ЖСН) жазып жіберіңіз. Telegram үшін: sailau_astana_bot чатын қосып алыңыз, чатқа хабарлама түрінде жеке сәйкестендіру номеріңізді (ЖСН) жазып жіберіңіз»,-делінген баспасөз мәліметтерінде.