Жамбыл облысында жақын арада жаңа заманауи құс фабрикасы ашылады. Кәсіпорын бройлер- балапандарын өсіріп, жылына 3,5 мың тонна ет өндіретін болады,-деп хабарлайды Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі.
«Әулие-Ата Феникс» ЖШС-гі 2010 жылы Байзақ ауданы Мырзатай ауылында ет бағытындағы құс фабрикасын ашу мақсатында құрылды. 2013 жылы «ҚазАгроФинанс» АҚ-мы арқылы жоба мақұлданды және қаржыландырылды. Жобаның жалпы құны 1 516,0 млн теңгені құрайды. Оның ішінде кәсіпорынның жеке қаражатының үлесі 248,0 млн теңге.
Сонымен бірге, «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы арқылы құс фабрикасына инфрақұрылым (сумен, газбен, электр жүйесімен қамту) тартуға 547,0 млн теңгеге мемлекеттік қолдау көрсетілді.
Кәсіпорын қажетті құрылғылармен түгелдей қамтылған, инкубатордан бастап, балапандарды күту, оларға қажетті құрама жем шығаратын арнайы диірмен де бар. Ал дайын өнімді өңдеу голландық тәсілмен жүзеге асырылады.
Өндірісті іске қосу осы жылдың бірінші жарты жылдығына жоспарлануда. Кәсіпорын Мырзатай ауылының тұрғындарын жұмыс орындарымен қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ, аталған жобаның жүзеге асуы Байзақ ауданыныңда ауыл шаруашылығына да тың серпін береді. Ал фабриканың құс еті өңір сұранысын қамтамасыз ететін болады.