Таңғы жыр. «Сені сүю...» - Ақберен Елгезек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Таңғы жыр. «Сені сүю...» - Ақберен Елгезек

16.02.2016
Таңғы жыр. «Сені сүю...» - Ақберен Елгезек

Сені сүю – тыныштықпен тілдесу,
Сені сүю – үнсіздікпен үндесу.
Сені сүю – нұр тарату жүрекке,
Сені сүю – қуаныштан мұң кешу!

Сені сүю – шуақ шашу жанардан,
Сені сүю – жұпар жұту самалдан. 
Сені сүю – өз-өзіңді ұмыту,
Табу бәлкім, өз-өзіңді жоғалған.

Сені сүю – шық боп тұну күлтеде,
Сені сүю – шоқ боп тұру білтеде.
Сені сүю – бар байлықтан бас тартып,
Суретіңді салып жату күркеде.

Сені сүю – жан алдында  ақталу,
Сені сүю – жындануға шақ қалу.
Сені сүю – қасіреттен бақ табу,
Сені сүю – азаптардан шаттану!

Сені сүю – өз өртіңнен жалындау, 
Сені сүю – өзге жанды сағынбау.
Сені сүю – мүсініңе бас ұрып
Мүлде басқа құдыретке табынбау!


Сені сүю – періштеге айналу,
Сені сүю – елестерге байлану.
Сені сүю – қауызында гүлдердің,
Дір-дір етіп, көбелекше ойлану!

Сені сүю – ажалымнан құтылу,
Сені сүю – ажарыңнан тұтылу.
Сені сүю – қанатына құстардың,
Үлбіреген қауырсын боп жұтылу!

Сені сүю – мәңгілікке ұмтылу,
Сені сүю – мың жығылып, мың тұру.
Сені сүю – еніп кетіп кірпікке,
Батып кету көздеріңе сұп-сұлу!

 

Хабарламаларға жазылу