Павлодар қаласына «Құнанбай» фильмінің режиссері әрі басты рөлді сомдаған ҚР Халық әртісі Досхан Жолжақсынов келді, деп хабарлайды pavlodarnews.kz. Қуат Әбусейітов атындағы мәдени-сауық орталығында «Құнанбай» көркем фильмінің көрсетілімі өтті. Мәдениет ошағына жиналған жұрттың қарасы аз болмады. Туындының көрсетілімі аяқталған соң басты рөлді сомаған Д. Жолжақсынов сахна төріне шығып, көрермендердің сұрақтарына жауап берді.
«Бүгінгі тамашалағандарыңыз қырық сағаттық дүние еді. Бірақ біз оны ықшамдай келе, 1 сағат 40 минутқа қысқарттық. Бұған дейін кино 1 сағат 20 минутқа созылатын еді. Тарихи болсын, комедия, трагедия болсын, сол кездегі стандарт сол. Қазіргі Голливудтың стандарты - үш сағат. Бірақ, кез келген фильм көрермендерді жалықтырмауы керек. Қазіргі қоғам – ерке қоғам», - деді Д. Жолжақсынов.
Шара соңында Павлодар қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ардақ Райымбеков жиналған қауымға ризашылығын жеткізіп, Досхан Жолжақсыновқа Павлодар қаласының әкімі Болат Бақауовтың атынан алғысын білдіріп, шапан жапты. Айта кетерлігі, «Құнанбай» фильмі Павлодарда Қуат Әбусейітов атындағы мәдени-сауық орталығында бүгін және ертең де көрсетілмек.