Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры биыл құрылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры биыл құрылады

04.02.2016
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры биыл құрылады

Қазақстандағы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорындағы жарналар триллион теңгеден асуы мүмкін. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Елжан Біртанов осылай мәлім етті.

«2017 жылдың қаңтарынан қор жарналарды жинақтайды және 2017 жылдың екінші жартысынан бастап төлем жасау қызметі Медициналық қызметке ақы төлеу комитетінен осы қорға ауысатын болады. Бірінші жарты жылда 375 млрд теңгеге тарта қаржы жиналады деп  күтілуде, сәйкесінше,  осы сомада нарықта медициналық қызметтер сатып алынады. 2021 жылға қарай қорда 1 трлн 150 млрд. теңгеге жуық қаржыны жинақтауды қарастырудамыз және бұл қаржы медициналық қызметтерге жұмсалады»,-деді ол.

Осы орайда, Е. Біртанов міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілгеннен кейін мемлекеттің денсаулық сақтау саласына жалпы шығыстары артатынын жеткізді.

«Біз қор мен медициналық сақтандыру аясында қызметтер тізбесін кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Мысалы, бұрындары тегін пакетте қамтылмаған кейбір қызметтерді қосуды бастаймыз. Осы орайда тегін дәрілік қамтамасыз етуді кеңейту ескерілмек. Екіншіден - медициналық сауықтыру тегін болады»,-деп түсіндірді вице-министр.

Сонымен бірге, вице-министр Қазақстанда енгізіліп отырған медсақтандыру жүйесі үздік халықаралық тәжірибені есепке ала отырып, мемлекет, жұмыс беруші және әрбір адамның ынтымақты жауапкершілігінің негізінде жасалғанын атап айтты. Сонымен қатар, мемлекет экономикалық белсенділігі төмен халық үшін жарна төлейтін болады. Жұмыс берушілер - жалдамалы жұмысшылар үшін, қызметкерлер мен салық органдарында тіркелген өзін-өзі қамтыған азаматтар өздері үшін төлейтін болады.

Хабарламаларға жазылу